Мемлекет басшысы ғалымдарды марапаттады

Мемлекет басшысы ғалымдарды марапаттады

Қазір технология қарқынды дамыған кезеңде біз үздіксіз ізденіске, терең білім мен ғылымға ерекше мән беруіміз керек. Бұл ретте ғылыми қауымдастыққа айрықша жауапкершілік жүктеледі. Өйткені, ғалым – ұлттың шамшырағы. Ғылым күні қарсаңында ғалымдармен кездескен Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Президент жиналғандарды кәсіби мерекелерімен құттықтады. 

Қасым-жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 

- «Мемлекет ғылымды дамыту үшін нақты шаралар қабылдап жатыр. Мен осыдан үш жыл бұрын Ғылым академиясын жаңғырту туралы тапсырма бердім. Содан бері ауқымды жұмыс жасалуда. Академияға жоғары ғылыми ұйым мәртебесі берілді. Инфрақұрылым жүйесі жаңартылып жатыр. Кадр даярлау ісі жолға қойылды. Былтыр қабылданған «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң осы үрдістерге тың серпін берді». 

Соңғы жылдары ғылымға бөлінетін қаржы 3,5 есе артты. Жас зерттеушілерге қолдау күшейді. Мемлекет басшысының пікірінше, осындай қадамдар еліміздің ғылыми әлеуетін арттыра түседі. Қазір Қазақстанда 25 мыңнан астам ғалым болса, олардың жартысы - 40 жасқа толмаған мамандар. Бұл елімізде ғалымдардың жаңа буыны қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. Президент басым бағыттарға да тоқталды. Стратегиялық міндеттердің бірі – ядролық ғылым мен технологияны дамыту. Бұл ретте ядролық медицина, сутегі энергиясы, суды тұшыту, синтетикалық отын өндіру туралы сөз болып отыр. Жалпы, ғылымның жүйелі дамуы үшін мемлекет пен бизнес, университеттер мен ғылыми орталықтар күш біріктіруі қажет. 

Қасым-жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 

- «Қолданбалы зерттеулермен айналысатын ғылыми ұйымдардың кірісі соңғы бес жылда 40 миллиард теңгеден асты. Қазынаға 10 миллиард теңгеден астам салық түсті. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш ұлғая бермек. Ғылым саласына 14,5 миллиард теңге жеке инвестиция тартылды. Екі мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Осылайша, ғалымдарымыз экономиканы өркендетуге атсалысып жатыр. Оқу орындары кәсіпорындармен тығыз байланыс орната бастады». 

Жиында Президент бір топ ғалымды мемлекеттік наградамен марапаттады. Іс шарада «Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері» атағы тұңғыш рет тапсырылды. Сондай-ақ, бірқатар жас ғалымға баспана кілті берілді. 

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?