Қазақстан Президенті «Жұмысшы мамандықтарының қаласы» фестиваліне барды. Осы ретте айта кетерлік жайт, - бұл Мемлекет басшысы бастамасымен жарияланған «Жұмысшы мамандықтары жылындағы» алғашқы ауқымды іс-шара. EXPO көрме алаңы болашақ мамандар, жұмыс берушілер мен кәсіптік-техникалық ұйымдардың басын қосты. Алғашқылары үшін мұнда ең бастысы - мамандық таңдау, оның барлық ерекшеліктері мен әлеуетін білу мүмкіндігі ұсынылған. Фестиваль қалашығында құрылған 40 интерактивті көрмеде 200-ден астам мамандықтың қыр-сырына қанығып, экономикалық салалардың ерекшеліктерімен танысуға болады. Қасым-Жомарт Тоқаев энергетика, тау-кен, металлургия, мұнай-газ, құрылыс, ауыл шаруашылығы және тағы да басқа салаларға маман даярлау үдерісімен танысты. Мемлекет басшысы атом электр стансасы секілді ірі жобаларды жүзеге асыру қарсаңында сапалы білім мен кәсіби дағдыны меңгерген мамандар өте қажет екенін атап өтті. Президент кез келген еңбек қадірлі, құрметке лайық екеніне назар аударып, жастарды аянбай еңбек етуге шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біз «Бірлігіміз – әралуандықта» идеологиясын темірқазық етіп ұстанып
отырмыз. Ұлтымыз бен наным-сеніміміз әртүрлі екеніне қарамастан, бір қоғамда
тұтас халық болып өмір сүреміз. Мен баршаңызды осынау терең үдерісті толық
түсінуге шақырамын. Сонда ғана табысқа жете аламыз
Сондай-ақ, Президент Украина төңірегіндегі жағдай туралы пікір білдіріп, еліміздің тыныштығы мен тұрақтылығы ең басты құндылық екеніне назар аударды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазір Украина жөнінде көп айтылып жатыр. Біз алғашқы кезден бастап осы
соғысты міндетті түрде тоқтату керек, дипломатиялық келіссөздер арқылы бір
мәмілеге келу қажет деп айттық. Бұл ұстанымымыз енді шындыққа айналды. Екі
алпауыт ел саяси сұхбат жүргізе бастады. Бұл – жақсы үрдіс. Әрі Қазақстанға
пайдасын тигізеді. Сондықтан біз мұны мейлінше қолдаймыз.

