Қазақстаннан енді Токио мен Нью-Йоркке тікелей әуе рейсімен шығуға мүмкіндік туады. Ел үкіметі бұл шаруаны жыл соңына дейін тындыруды көздеп отыр. Айта кетейік, бүгінде елорданың өзінен 34 халықаралық бағыт бойынша тұрақты рейс қатынайды. Ал 2027 жылы бұл қатарға тағы 5 бағыт қосылмақ. Яғни, Астанадан Лондон, Париж, Рим, Вена және Сингапур сияқты қалаларға тікелей баруға болады. Бұл ретте соңғы 5 жылда Қазақстан арқылы транзиттік ұшу көлемі де 4 есеге артқанын айта кету керек. Еліміз Халықаралық азаматтық авиация ұйымының нұсқасы бойынша қауіпсіздік деңгейінен үздік 20 мемлекеттің қатарына кірді. Мұнымен тұралап қалуға болмайтыны анық. Осы мақсатта еліміз аэронавигация инфрақұрылымын толығымен жаңғыртпақ. Әуе кемелері паркін де жаңарту жоспарда бар. Биыл 9 ұшақпен толығады. Қазірдің өзінде үшеуін сатып алыпты. Ал 2040 жылға қарай әуе кемелерінің саны 260 асады.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:
- Көлік министрлігі осы жылдың соңына дейін Азаматтық авиацияны дамытудың 2050 жылға дейінгі мастер-жоспарын бекіту жөнінде шаралар қабылдасын. Шағын және өңірлік авиацияны, пилотсыз әуе көлігін дамыту, сондай-ақ жаңа баламалы отынды пайдалану мен сақтаудың озық технологияларын енгізу шаралары міндетті түрде көзделуі тиіс. Шығыс Қазақстан, Маңғыстау, Қостанай, Павлодар облыстарының әкімдіктері белгіленген мерзімдерді қатаң сақтай отырып, Катонқарағай, Зайсан, Кендірлі және Арқалық әуежайларын биыл уақтылы пайдалануға берсін. Сондай-ақ, Павлодардағы әуежайды жаңғырту жұмыстарын аяқтасын.
Сондай-ақ, саланы цифрландыру мақсатында Астана мен Алматы әуежайларында Q-Gate жүйесі енгізілді. Бұл бақылаудан өту уақытын 3 минуттан 50 секундқа дейін қысқартуға мүмкіндік берді. Биыл еліміздің 4 қаласында осындай 16 терминал орнатылады. Ал Астана-Шымкент бағыты бойынша пилоттық режимде биометрия жүйесі іске қосылады. Сандық технологиялар жүк тасымалына да енгізілуде. Бүгінде 17 әуежай мен 56 авиатасымалдаушы e-Freight біріңғай платформасына қосылған. Бұл процестерді электрондық форматқа толығымен ауыстыруға және авиажүктерді өңдеу уақытын бір күннен бір сағатқа дейін қысқартуға мүмкіндік береді.
Мәлік Бердіғалиев, Transinfotech компаниясының бас директоры:
- Цифрландырудың мақсаттарына жетудің келесі қадамы – электрондық авиа жүк
құжаттарын кедендік декларациялау жүйесінде толыққанды құжаттар ретінде тану. Бұл
авиациялық жүктерді қағазсыз және автоматтандырылған түрде толықтай кедендік
ресімдеу үшін жағдай туғызады, халықаралық логистиканы жеделдетеді. Сондай-ақ Қазақстанның
өңірлік авиациялық транзиттік хаб ретіндегі бәсекеге қабілеттілігін арттырады.

