Президент құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісіне қатысты

Президент құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісіне қатысты

Әділетті әрі қауіпсіз Қазақстанды құру үшін заң мен тәртіп үстемдігін түбегейлі орнықтыру қажет. Бұл - барша азаматтың мүддесін, құқығы мен бостандығын қорғаудың мызғымас тірегі. Президент құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісінде осылай деді. Қоғамның құқықтық мәдениетін арттырып, жүйені жетілдіру қажет. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев негізгі басымдықтарды атады. Әуелі «Заң және тәртіп» қағидатын жаппай дәріптеу керек. Ата-бабамыздың бірегей құқықтық мұраларын мұқият зерделеп, жан-жақты насихаттау маңызды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Заң – қысым көрсетуге немесе қудалауға арналған құрал емес. Заң – әр адамның құқығы мен бостандығының қорғаны. Біз осы ақиқатты терең түсінетін азаматтық және мәдени орта қалыптастыруымыз қажет. Тәртіп - жалпыға ортақ құндылыққа, ал заңға бағыну - әркімнің өмір салтына айналуға тиіс. Мемлекеттік аппарат пен бүкіл қоғам жұмылып жұмыс істесе, еліміз көздеген мақсатына жетеді. Озық ойлы ұлт болу үшін әдептілік, өзара құрмет, ұстамдылық, сыпайылық сияқты қасиеттерді барынша дәріптеген жөн. Азаматтарымыз әдеп пен заңды мәжбүрлікпен емес, саналы түрде сақтауы керек.

Екінші басымдық - құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстарын күшейту. Қылмысқа түрткі болатын себептерді алдын ала анықтап, жойып отыру қажет. Ұйымдық құрылымды да жаңғырту маңызды. Ішкі істер министрлігі жүйесінде профилактикалық жұмыстарды үйлестіретін дербес бөлімше құратын уақыт келді, - деді Президент. Қауіп-қатерді анықтайтын іс шараларға басымдық беріледі. Бұл ретте жасанды интеллект пен «үлкен дерекқор» мүмкіндіктерін жұмылдыру қажет. Көп ұзамай іске қосылатын суперкомпьютерді осы мақсатта пайдалануға болады. Қылмыстық-атқару жүйесін ізгілендіру, жетілдіру үшін нақты шаралар қабылдау – бұл үшінші басымдық. Ал соңғысы - құқық қорғау органдарының жұмысына сервистік модель қағидаттарын кеңінен енгізіп, кадрлық әлеуетін күшейту.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Полиция мен басқа да құрылымдар билік және қоғам арасын байланыстыратын алтын көпір болуға тиіс. Ол үшін «Мемлекет пен азамат – біртұтас» деген іргелі қағидатымызға толық сай келетін халықпен қарым-қатынастың жаңа мәдениетін қалыптастыру керек. Бұл бағытта ілгерілеу бар. Бірақ қабылданған шаралар әлі тиімділігін көрсетпеді, өйткені бірізділік жоқ. Халықпен тікелей жұмыс істеуге кедергі келтіретін басы артық бюрократиядан арылу керек. Реформалардың шынайылығына, әділдікке және мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігіне азаматтардың сенімі көбіне құқық қорғау органдарының кәсіби деңгейіне байланысты.

Тағы бір мәселе - учаскелік инспекторлардың әлеуетін нығайту. Ауылдағы тәртіп сақшыларына шен бергенде жеңілдік жасап, бір жылдық еңбек өтілін 1,5 жыл деп есептеу қажет, - деді Президент. Қасым-Жомарт Тоқаев «Заң және тәртіп» апталығын жариялады. Бұл бір реттік акция емес, жұмыстар жүйелі жалғасады. Биыл Ата заңымыздың 30 жылдығына орай, жазасын өтеп жатқан 15 мыңнан астам адамға амнистия жарияланады. Бұл олардың қоғамға қайта оралуына жағдай жасайды. Жиын соңында Президент борышын орындау кезінде батылдық танытқан тәртіп сақшыларына, қызметкерлердің аналары мен жұбайларына, сондай-ақ қоғамдық тәртіпті нығайтуға үлес қосқан алдыңғы толқын ағаларға алғыс жариялады.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?