Президент шетелдік инвесторлар кеңесінің 37-ші пленарлық отырысын өткізді

Президент шетелдік инвесторлар кеңесінің 37-ші пленарлық отырысын өткізді

Биылғы 5 айда Қазақстан экономикасы 6 пайызға өсті. Оған көлік және логистика, құрылыс, сауда, тау-кен өнеркәсібі мен өңдеу саласы үлес қосты. Президент Шетелдік инвесторлар кеңесінің 37-ші пленарлық отырысында осылай деді. Қазақстанның стратегиялық тұрғыдан орналасуы мен реформаларды жан-жақты жүргізуі инвесторларға да, ұлттық экономикаға да мол мүмкіндік беріп отыр. Инвестициялық штаб қаржы құям деген кәсіпкердің мәселесін «осы жерде және дәл қазір» қағидатымен шешіп келеді. Аталған штаб 70 миллиард долларды құрайтын 137 жобаға қолдау көрсетті.  

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 

- Тау-кен саласы – еліміздің өңдеу өнеркәсібінің негізгі тірегі болып қала береді. Қазақстан тау-кен өнеркәсібі мен металлургияның жаһандық маңызын түсіне отырып, инвесторларға ашық, жан-жақты заңнама арқылы тұрақты әрі қолайлы юрисдикция қалыптастырды. Жүргізіліп жатқан реформалардың нәтижесінде еліміздегі геологиялық барлау жұмыстарына әлемдік ірі ойыншылар – Rio Tinto, Fortescue, Ivanhoe, First Quantum және Tech Resources компаниялары келді. Жаңа Салық кодексінде шикізатты ел ішінде терең өңдеуді ынталандыратын роялти тәртібі қарастырылады. 

Қазір басым бағыттың бірі - шикізатты терең өңдеу. Егістікке және жайылымға жарамды жер көлемі жағынан еліміз әлемде алтыншы орында. Астық экспорты бойынша жетекші 10 мемлекеттің қатарында. Мұнда да инвесторлар озық технологияларды енгізіп жатыр. Қазақстанның транзиттік хаб ретіндегі мәртебесін нығайтуға басымдық беріледі. 2029 жылға дейін жаңа 5 мың шақырым темір жол салынады. Саланы өркендетуге инвесторлар күш салып жатыр. Цифрландыру бойынша да көш ілгеріміз. БҰҰ рейтингінде көшбасшы 30 елдің қатарындамыз. Президент серіктестерді жасанды интеллект инфрақұрылымдарын дамыту бағытында жұмыс істеуге шақырды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 

- Астана халықаралық қаржы орталығы Шығыс Еуропа мен Орталық Азия бойынша Жаһандық қаржы орталықтары индексінде бірінші орынды иеленеді. Сондай-ақ, жасыл және цифрлық қаржы бойынша өңірде көшбасшы саналады. Еліміздегі транзакциялардың 89 пайызы қолма-қол ақшасыз жүзеге асырылады. Ал соңғы төрт жылда мобильді банкингті қолдану 460 пайызға өскен. Біз CryptoCity жаңашыл пилоттық аймағын құруды жоспарлап отырмыз. Онда тауар сатып алуға, қызметтер мен басқа да мақсаттарға криптовалютаны пайдалануға болады. Еліміз үшін жасанды интеллектіні ілгерілетудің стратегиялық маңызы зор. Жасанды зерде мемлекеттің болашақ дамуының, бәсекеге қабілеттілігінің және цифрлық егемендігінің басты факторы. 

Биылдан бастап мемлекеттік органдар Бас прокуратураның келісімінсіз инвесторларға тексеру жүргізе алмайды. Әкімшілік іс қозғамайды, арыз бере алмайды. Демек, елде инвесторлармен ықпалдастық тек нығая түседі. Жиында Президент мемлекет пен жеке сектор арасындағы ынтымақтастық тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз етуде басты рөл атқаратынына сенім білдірді. 

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?