Алдағы 40 жылда Қазақстан төмен көміртекті технологияларды дамытуға 650 млрд доллар инвестиция тартады. Бұл 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуге көмектеседі. ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев осылай мәлімдеді. Яғни 40 жылдан кейін еліміз атмосфераға лас шығарындылардың нөлдік нормасына қол жеткізе алады. Арнайы технологиялардың арқасында аталған мақсатқа қол жеткізуге мүмкіндік мол. Экологиялық іс-шараларды жүзеге асыру энергетиктердің жұмысына үлкен өзгерістер әкелетіні сөзсіз, - деді министр. Мысалы еліміздің энергетикалық балансындағы қазба ресурстардың үлесі 3,5 есеге дерлік азайып, небәрі 29% құрайды. Бұл арада жаңартылатын қуат көздері қазіргі үш проценттен 70% дейін көтеріледі.
Серікқали Брекешев, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі:
- Соңғы 40 жылда инвестицияның ең көп көлемін қажет ететін салаларға, яғни электр және жылу энергиясын өндіруге 305 млрд доллар, көлік 67 млрд, тау-кен өндіру және өңдеу өнеркәсібіне 65 млрд, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа 57 млрд, ауыл шаруашылығы 49 млрд теңге қажет. Осы ретте көмір, мұнай және газ секторына инвестиция біртіндеп төмендей береді. Қазірдің өзінде үкімет жаңартылатын энергия секторына инвестиция тарту бойынша жұмыс жүргізуде.
Авторы: Әсел Күшенғалиева