Қазақстандағы президенттік сайлауда екі мекеме халық арасында сауалнама жүргізуді жоспарлап отыр. Орталық сайлау комиссиясына қоғамдық сауалнама жүргізу үшін «Қоғамдық пікір» зерттеу институты мен «AMANAT» партиясының «Қоғамдық саясат институты» өтініш берді. Орталық сайлау комиссиясы республика заңнамасына сәйкес тіркелген, сонымен қатар осы салада кем дегенде бес жыл жұмыс тәжірибесі бар заңды тұлғалар сауалнама жүргізуге құқылы екенін де айта кетті. Орталық сайлау комиссиясына жіберілетін хабарламада сауалнама жүргізуге қатысатын және осы салада жұмыс тәжірибесі бар мамандар туралы, қоғамдық пікірге әлеуметтік сауалнама жүргізілетін өңірлер қолданылатын талдау әдістері туралы мәліметтер көрсетілуі керек. Сондай-ақ сауалнама нәтижелерiн, сайлау, сайлауға байланысты өзге де зерттеулер, кандидаттарды не саяси партияларды қолдап дауыс беру қорытындыларының болжамдарын дауыс берiлетін күннің алдындағы бес күн ішінде және дауыс берiлетiн күні интернет желісінде жариялауға жол берілмейді.