Жеке инвесторларға заңды тұлғалардың қарыздарын сатып алуға рұқсат етілмек

Еліміздегі банктер мен микроқаржы ұйымдарының стрестік активтерін жеке инвесторларға сату құқығы беріледі. Мәжілісте осыны көздейтін заң жобасы мақұлданды. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымованың сөзінше, бұл жаңашылдық тек заңды тұлғалардың қарызын сатып алуға бағытталған. Мақсат қаржы институттары борышкерден несие қарызы есебінен өндіріп алған мүлікті экономикалық айналымға тарту. Себебі, кепілдікке алынған жер телімдері мен өндірістік және коммерциялық бағыттағы нысандар жылдар бойы тұралап қалған. Бүгінде мұндай стрестік активтердің жалпы құны 1 триллион теңгеден асып жығылған.

Мәдина Әбілқасымова, ҚР қаржы нарығын реттеу және дамыту Агенттігінің Төрағасы:

– Қазіргі уақытта банктер мен микроқаржы ұйымдары осындай өндіріп алынған мүлікті 5 жылға дейін өздерінің баланстарында ұстайды. Осы уақытта мүлік экономикалық айналымға тартылмайды. Сол себепті, осы заңда тағы бір новелла бар. Үш жылға дейін осы мерзім қысқартылды. Осы үш жыл ішінде банктер осындай өндіріп алынған мүлікті тезірек сату керек. Олар оны сатпаған жағдайда біз оларға қадағалау шараларын қолданатын боламыз.  

Жалпы заң жобасында кәсіпкердің қарызын сатып алу құқығына ие болатын инвесторларға шектеу қойылмаған.  Тіпті шетел азаматы да иемденуі мүмкін. Алайда, жерге қатысы жоқ қарыз болуы тиіс. Бұған қоса, оны аталмыш заң аясында елімізде құрылатын сервистік компанияларға сенімгерлік басқаруға беру міндеттеледі. Сервистік институт өз кезегінде стрестік активтердің өтімді нарығын құру үшін қажетті жағдай жасайды.

Мәдина Әбілқасымова, ҚР қаржы нарығын реттеу және дамыту Агенттігінің Төрағасы:

– Сервистік компаниялардың функцияларын банктердің осы стрестік активтеріді басқару жөнінде құрылған ұйымдары және  коллекторлық агенттіктер енді осы функцияларды атқаратын болады. Оларға жоғары талаптар қойылады. Меншік капиталы бойынша және жұмыс тәжірибесі бойынша басқада талаптар қойылады.

Спикердің айтуынша, бұл қарыз алушы құқығын қорғаудың қосымша тетігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Себебі аталған ұйымдар еліміздің қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің реттеу құзырына жатады. Агенттік белгіленген талаптарға сәйкес келетін сервистік компаниялардың тізілімін жүргізіп, олар туралы ақпаратты өзінің интернет-ресурсында орналастырады.

 

Автор: Жеңіс Ермұқанов