Қазақстан Премьер-Министрі Қосшы қаласының бас жоспарымен танысты

Қазақстан Премьер-Министрі Қосшы қаласының бас жоспарымен танысты

Қосшы қаласының халық саны 2038 жылға қарай 150 мыңға дейін өседі. Яғни, болжам бойынша шамамен 3 есеге артпақ. Премьер-министр Олжас Бектенов елорда маңындағы шаһардың бас даму жоспарымен танысты. Оның аумағы  кеңейтіліп, инфроқұрылымы жаңғыртылады, сонымен қатар жаңа әлеуметтік нысандар бой түзейді. Нәтижесінде 2038 жылға дейін 50-ге тарта балабақша, мектеп, аурухана және емхана салу жоспарланып отыр. Бұған қоса мұнда жаңа қазандық, қосалқы электр стансасы, сумен жабдықтау, тазарту құрылыстары және басқа да нысандардың құрылысы көзделген. Астанаға қатынайтын жаңа жол төселеді. Өнеркәсіпті дамыту және қаланың солтүстік-батыс бөлігінде жаңа жұмыс орындарын құру үшін жалпы ауданы 264 га индустриялық аймақ құру межеленген. Сонымен қатар, саябақтар мен жаяу жүргіншілерге арналған гүлзарларды абаттандыру, ойын және спорт нысандары бар балалардың ойын-сауық және демалыс саябағын, орталық стадион, неке сарайын ашу көзделіп отыр. 

Азамат Қапышев, Қосшы қаласының әкімі:

- Жаңа бас жоспар алаңдарды кеңейтуді, жаңадан енгізілетін жоспарлы шешімдерді, аумақты функционалдық аймақтарға бөлуді, сондай-ақ инженерлік және көлік инфрақұрылымы бойынша белгілі бір бастамаларды көздейді. Егер сандар туралы айтатын болсақ, бізде жаңа көппәтерлі тұрғын үйлердің құрылысына 360 гектардан астам жер қарастырылса, ал жеке тұрғын үй салуға 900 гектардан астам жер телімі бөлінген. Қаламызды жылумен және сумен жабдықтау, кәріз-тазарту құрылыстарына келетін болсақ, олар қазір жаңа инновацияларды қажет етеді.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?