Қазақстан Президенті мен Грузия Премьер-министрі келіссөз жүргізді. Қасым-Жомарт Тоқаев Ираклий Кобахидзеге ілтипат көрсетіп, елімізге жасаған ресми сапары қазақ-грузин серіктестігін нығайтуда өте маңызды екенін атап өтті. Мемлекет басшысы қол қойылған Стратегиялық серіктестік орнату жөніндегі бірлескен мәлімдеме екі елдің қарым-қатынасын жаңа әрі сапалы деңгейге көтеретініне сенім білдірді. Сондай-ақ, Президент энергетика, инвестиция, көлік қатынасы, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, туризм және басқа да перспективті салаларға бағытталған «жол картасын» әзірлеуді ұсынды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан
Республикасының Президенті:
- Тауар айналымын ұлғайтуға мүмкіндік мол.
Қазақстан Грузия экономикасына жарты миллиард доллардан астам инвестиция салды.
Әрі аталған елдің ірі инвесторларының қатарына кіреді. Мемлекеттеріміз
энергетика секторында табысты ынтымақтастықты жолға қойды. Біз Баку – Тбилиси –
Джейхан құбырымен мұнай тасымалы көлемін ұлғайтуға ниеттіміз.
Ираклий Кобахидзе, Грузия Премьер-Министрі:
– Екіжақты серіктестікті жаңа стратегиялық деңгейге көтеру үкіметтеріміз бен халықтарымыздың арасындағы ынтымақтастыққа жол ашады. Сізге Стратегиялық серіктестік туралы бірлескен мәлімдеме қабылдағаныңыз үшін алғыс айтамын. Сондай-ақ, біз Қазақстанмен саяси диалог болсын, институционалдық және үкіметтік алмасулар болсын, түрлі деңгейдегі тығыз ықпалдастықты жоғары бағалаймыз.
Тараптар өзара тиімді инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мүдделі екенін растады. Атап айтқанда, Транскаспий халықаралық көлік бағдарына ерекше назар аударылды. Қазақстан Батуми портынан бөлек, Грузияның басқа да теңіз айлақтарына кіруге мүдделі. Сондай-ақ екі ел цифрлық үкімет, онлайн мемлекеттік қызметтер және GovTech шешімдер бағытында тәжірибе алмасуға ниетті. Бұдан бөлек, тараптар екіжақты саяси, денсаулық сақтау және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту әлеуетін талқылады. Бұған қоса, екі елдің делегация мүшелері бірқатар мемлекетаралық және ведомствоаралық құжаттармен алмасты.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің ынтымақтастығын нығайтуға зор үлес
қосып келе жатқан Грузия Премьер-министрі Ираклий Кобахидзеге І дәрежелі
«Достық» орденін табыстады.

