Қасым-Жомарт Тоқаев СOP29 Дүниежүзілік климат саммиті аясында бірнеше кездесу өткізді. Кувейттің Тақ мұрагері, шейх Сабах Халид әл-Хамад Ас-Сабахпен әңгімелесуінде біздің ел екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бейіл екенін растады. Сонымен қатар Кувейттің Қазақстан экономикасына қаржы құятын ірі инвестордың біріне айналуға әлеуеті мол. Әңгімелесу барысында Орталық Азия – Шығанақтағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастығы кеңесі форматындағы ықпалдастыққа басымдық берілді.
Мемлекет
басшысы Руанда Президенті Поль Кагамемен кездесті. Тараптар барлық салада ынтымақтастықты
кеңейтуге мүдделі екенін жеткізді.
Мемлекет басшысы Поль Кагамені Қазақстанға сапармен
келуге шақырды.
Ал
Түркия Президентімен Қасым-Жомарт Тоқаев өзара қарым-қатынастың динамикасын
талқылады. Елдер арасында саяси диалог пен сауда байланыстары жолға қойылған. Былтыр өзара алыс-беріс 6
млрд долларға жетті, енді тараптар бұл
көрсеткішті 15 млрд долларға дейін жеткізуді көздеп
отыр. Өз кезегінде Режеп Тайып Ердоған келесі жылы Анкарада елдер арасындағы
жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің отырысында бірқатар жаңа
келісімдерге қол қойылатынын атап өтті.
Сондай-ақ,
Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлыбритания Премьер-министрімен, БАӘ, Молдова, Моңғолия,
Өзбекстан, Тәжікстан Президенттерімен және басқа да жоғары лауазымды
тұлғалармен кездесті.
Президент «Әл-Азһар» университетінің Жоғарғы имамымен кездесті. Қасым-Жомарт Тоқаев шейх Ахмед ат-Тайебті келесі жылы Астанада өтетін VIII Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезіне қатысуға шақырды.
Әсел Күшенғалиева