Президент Өзбекстанда

Президент Өзбекстанда

Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Өзбекстанға келді. Үргеніш әуежайында Мемлекет басшысын Президент Шавкат Мирзиёев өзі қарсы алды.

Кейін Хиуада Мемлекет басшылары Өзбекстан жеңіл өнеркәсібіндегі үлгілі кәсіпорындардың бірі саналатын кілем тоқу фабрикасын аралап көрді: Фабрика кілемдері ішкі нарыққа сатылады, сондай-ақ ТМД елдеріне, Қытай мен АҚШ-қа экспортқа шығарылады. Бұдан кейін президенттер арнаулы техника, электр техникалық жабдықтар үлгілері, бау-бақша шаруашылығының селекциялық жетістіктері, тоқыма, химия, тамақ, фармацевтика өнеркәсібі өнімдері қойылған Өзбекстан өнеркәсіп тауарларының көрмесін тамашалады. Тараптар шекаралас облыстар аумағында экспортқа бағдарланған кәсіпорындар кластерін құрудың маңыздылығн атап өтті.

Бейресми кездесуде мемлекет басшылары қазақ-өзбек стратегиялық әріптестігі мен одақтастығын нығайту мәселелерін талқылады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша тауарайналым көлемі шамамен 4,5 млрд долларды құрады. Бүгінде портфелімізде инвестиция көлемі АҚШ валютасында 2,5 миллиардтан асатын 60 бірлескен жоба бар. Өнеркәсіп, энергетика, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы салаларында бірлескен жобалар жүзеге асырылуда. Халықаралық өнеркәсіп кооперациясы орталығын салу жобасы да сәтті ілгерілеп келеді. Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-өзбек тандемі өмірлік қажеттіліктен туғанын және бірге әрі жұмыла әрекет еткенде ғана елдеріміздің орнықты дамуын қамтамасыз етуге болатынын атап өтті. Осы орайда президент тараптар арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастықтың 2034 жылға дейінгі бағдарламасын қабылдау бастамасын қолдады.