Қазақстанда жол-құрылыс материалдарының бірыңғай базасы іске қосылды

Қазақстанда пилоттық режимде жол-құрылыс материалдарының бірыңғай базасы іске қосылды. Жаңа салалық жүйеде елімізде бар шикізат қоры, олардың өндіріс ошақтары, технологиялар, битум және асфальт зауыттарының материалдарына қатысты толық ақпарат жинақталған. Жоба авторы-қазақстандық ғылыми-зерттеу институты. Олардың сөзінше, бір жерге топтастырылған  мәлімет жол активтерінің ұлттық сапа орталығы мен жобалаушылар қауымдастығы және мердігер ұйымдарға пайдалы болмақ. Олар жұмыс барысында жүйеде сақталған барлық деректерді өз кәдесіне жарата алады. Пайымдарынша, бұл елде жол құрылысын жаңа деңгейге көтеріп, заманауи тәсілдерді ендіруге серпін бермек.

Әсел Нұғманова, Қазастан жол ғылыми зерттеу институты департаментінің директоры:

-Барлық қолданыстағы карьерлер, минералды ұнтақ, цемент сынды жол құрылысына қажетті басқа да материалдар шығаратын зауыттар тексеріледі. Жақында біздің Алматы және Астана қалаларының мобильді топтары осы нысандарды түгел аралап, материалдардың үлгілерін  сынамаға алады. Кейін қиыршық тас, минералды ұнтақ, цемент пен битум үлгілерінің зертханалық жолмен физикалық-механикалық қасиеттері анықталады. Яғни, шикізат ретінде өндірілетін барлық орындардың тізімінде бар материалдар толық зерттеледі. Нәтижесінде интерактивті онлайн карта жасалуда. Ол карта біздің сайтта қазірдің өзінде қол жетімді.

Жыл басынан мобильдік топтар Алматы, Жетісу, Түркістан, Ақмола мен Солтүстік Қазақстан өңірлерінде жұмыс істеп тұрған карьерлерді аралап үлгерді. Осының нәтижесінде мердігерлер мен жобалаушылар порталдан құрылыс басына жақын орналасқан карьерлер мен асфальт және битум зауыттарын таба алады. Олардың орналасқан жерімен қатар, материалдардың құрамы мен сапасы жайында толық ақпарат алады. 

Әсел Нұғманова, Қазастан жол ғылыми зерттеу институты департаментінің директоры:

-Жалпы бұндай базаны құрып, іске қосу автомобиль жолдарын жобалауға кететін уақытты азайтып, тас жолдардың сапасын жақсартуға және жол құрылысы үшін өте маңызды деректердің ашықтығы мен жалпыға қол жетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деп санаймыз.

Айта кетейік, бірыңғай база жаңа материалдар мен технологиялардың шығуына байланысты, карьерлер мен зауыттардың жұмысы мен климаттық өзгерістер және пайдаланушылардан келіп түсетін ұсыныстарға сай үнемі жаңарып тұрады.