Қазақстанда қазақ тілінің ұлттық қоры және ұлттық
корпусы құрылады. Соңғы жаңашылдық мемлекеттік тілдің барлық стилдері мен
жанрларын қамтитын ақпараттық-анықтамалық жүйе ретінде қызмет етпек. Яғни,
мәтіндерді өңдеу, генерациялау және талдау үшін жасанды нейрондық желіге
негізделген тың құралға айналады. Сондай-ақ, ол бұл қызметтің цифрлық ортада
қолдану аясын кеңейте түседі. Осы және өзге де бірқатар түзету енгізілген
мәдениет, білім беру және тәлімгерлік мәселелері бойынша заңы Парламент
депутаттарының назарына ұсынылды. Сенат бұл өзгерістерді мақұлдап, құжатты
Президенттің қол қоюына жіберді. Сонымен қатар аталған заң «тәлімгерлік
жөніндегі ұйым» ұғымымен толықтырылды. Оның мақсаты жетім және ата-ана
қамқорынсыз қалған балаларға арналған тәлімгерлік институтының құқықтарын
толықтай реттеп, міндеттерін айқындау. Бұл құжатқа енген енді бір жаңалық
«Болашақ» бағдарламасының аясын кеңейтуге бағытталған. Халықаралық стипендияны
енді халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздарыда алатын болды. Оларға бұдан
былай шетелдік жоғары оқу орындарына гранттар беру және «Болашақ» бағдарламасы
аясында бакалавриатқа түсу мүмкіндігі енгізіледі. Бұл ретте елден тыс жерлерде олимпиаданың пәніне сәйкес келетін мамандық
бойынша білімін толықтыруға жол ашылмақ.
Дархан Ахмед-Заки, ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі:
- Біз олардың жетекші
университеттерде оқып, мемлекеттің қолдауын сезінуіне, кейін елге оралып
әлеуметтік өмірге араласуына, өздеріне жақын ғылыми немесе кез келген басқа
мамандық таңдауына бірегей мүмкіндік ұсынғымыз келеді. Жоғары оқу орындарының және
халықаралық білім сындарының қосымша тізімі әлі анықталады. Бұл қатарға әзірге физика,
математика, информатика, инженерия пәндерінен халықаралық олимпиадалар кіріп
отыр. Олардың саны шектеулі ғана. Осы аталған Олимпиада жеңімпаздарының
көрсеткіштері талантты жастарды даярлау және олармен жұмыс істеу жүйесінің
жоғары деңгейін танытады.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов.

