Қазақстан Президенті № 23 жаңа Өрт сөндіру бөлімінің жұмысымен танысты. Нысан қысқа мерзімде сапалы тез құрастырылатын модульді материалдардан салынған. Жаңадан бой түзеген ғимаратта жұмыс, диспетчерлік, демалыс бөлмелері, оқу сыныбы қарастырылған. Арнайы техникалардың жабық тұрағы бар. Қасым-Жомарт Тоқаевқа өрт сөндіру және құтқару операцияларына арналған заманауи жабдықтар көрсетілді. Сонымен қатар, биік ғимараттарда өршіген қызыл жалынды ауыздықтауға пайдаланылатын арнайы дрондардың жұмысы таныстырылды. Президент осындай заманауи модульді өрт сөндіру деполары еліміздің барлық өңіріне қажет екенін және аталған жобаның аясы кеңейтілетінін жеткізді. Бұдан соң Президент жаңадан салынған екі қабатты жатақхананы аралап, оған қоныс тепкен өрт сөндірушілердің отбасыларын құттықтады. Айта кетейік құтқарушылар жұмысын бастаған екі ай ішінде 200-ге жуық дабылға жедел шығып үлгерген. Жаңа өрт сөндіру бөлімі елорданың тығыз қоныстанған ауданына қызмет етеді. Оның аумағына Бейбітшілік және келісім сарайы, Тәуелсіздік сарайы, Әзірет Сұлтан мешіті және «Нұрлы жол» вокзалы сияқты маңызды нысандар кіреді.
Жеңіс Ермұқанов