Бүгін Қазақстанда Мемлекеттік рәміздер күні. Елордадағы «Атамекен» этномемориалды кешенінде Мемлекеттік ту көтеру
рәсімі өтті. Оған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. Мемлекет Басшысы бұл
еліміз үшін мән-маңызы айрықша мереке екенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Ұлт рәміздері – Тәуелсіздігіміздің киелі бойтұмары. Елтаңба, Ту және Әнұран
– мызғымас мемлекеттігіміздің белгісі. Қастерлі нышандарымыз Қазақстанның
егемен ел, еңселі жұрт екенін жер жүзіне әйгілейді. Байрағы биік елдің рухы
асқақ болады. Сондықтан біз осы мейрамға орай жыл сайын көк Туымызды биікке
көтереміз.
Мемлекет
басшысының айтуынша, қазір көк Туымыздың беделін бүкіл әлем мойындайды.
Байрағымыз Біріккен Ұлттар Ұйымының төрінде тұр. Оны альпинистеріміз жер
шарындағы ең биік шыңдарға көтерді. Спортшыларымыз талай мәрте жеңіс тұғырына
шығарды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Биыл жауынгерлеріміз бітімгерлік миссиясын көк байрақтың астында тұңғыш рет
дербес орындап келді. Азаматтарымыздың, мемлекетіміздің осындай жетістіктері
Қазақстанның қуатты әрі жасампаз ел екенін көрсетеді. Мемлекеттік рәміздер – ел
мақтанышы. Елтаңбамыз, көк Туымыз бен Әнұранымыз әр азаматтың жүрегінен ерекше
орын алады.
Президент биыл Ата Заңымыздың қабылданғанына 30 жыл толатынын еске салды. Негізгі
заң біздің қоғам арқа сүйейтін басты қағидаттардан тұрады. Қасым-Жомарт Тоқаев Конституция
арқылы заң мен тәртіптің үстемдігін қамтамасыз етіп, ауқымды өзгерістерді
кезең-кезеңімен қолға алып жатырмыз, - деді. Еліміздегі түрлі этнос өкілдері
көк байрақтың астында тұтасып, тату-тәтті өмір сүруде. Береке-бірлігімізді
сақтап, нығайта берсек, кез келген биікті бағындырамыз, - деді Президент. Салтанатты
рәсімде Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Қорғаныс, Ішкі істер және Төтенше
жағдайлар министрлігіне қарасты оқу орындарының 14 үздік түлегі Қазақстан
Республикасы Президентінің – Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысының
қолынан офицерлік шен алды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қастерлі Туымызды әрдайым тік ұстаңыздар! Мен бұған кәміл сенемін!

