Маңғыстау обылысына соңғы екі жылда 2
триллион теңгеден астам инвестиция тартылды. Аймақтың жалпы өнімі екі жылда шамамен
1 жарым есе
өсті. Қасым-Жомарт Тоқаев облысқа жұмыс сапары аясында өңірдің
әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде кеңес өткізді. Президент Маңғыстауды
Қазақсатнның батыс қақпасы ретінде стратегиялық маңызы бар аймақ екенін атап
өтті. Биыл аймақтағы шағын және орта бизнесті қолдау үшін мемлекеттік бюджеттен
16 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінеді. Бұдан бөлек,
«Mangystau Business» бағдарламасы іске қосылады. Оның аясында 30 жаңа жобаға
1,5 миллиард теңге бөлінеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағы облыстағы кәсіпкерлікті дамытуға ерекше серпін беретін орталық болуға тиіс. Қазір онда 22 жаңа жоба жүзеге асырылып жатыр. Арнайы экономикалық аймаққа салынған инвестицияның жалпы көлемі – 337 миллиард теңге болды, соның тең жартысы – шетел инвестициясы. Биыл арнайы экономикалық аймақтың аумағын жеті есе ұлғайту жоспарланып отыр, яғни, 3,7 мың гектардан 26,5 мың гектарға дейін. Бұл – орынды шешім. Әкімнің де экономикалық аймаққа қатысты ұсыныстары бар.
Президент аймақтың
көлік-логистикалық әлеуетіне жеке тоқталды. Маңғыстау - Шығыс пен Батыс,
Солтүстік пен Оңтүстік арасындағы халықаралық көлік дәліздері тоғысқан бірегей
жер. Қазір теңіз инфрақұрылымын, оның ішінде Ақтау және Құрық порттарын
дамытуға ерекше басымдық берілген. Осы айлақтар Транскаспий халықаралық көлік
дәлізіндегі негізгі тораптың бірі саналады. Халықаралық
логистикалық компаниялар еліміздің көлік саласына инвестиция салуға қызығушылық
танытып отыр. Үкімет
облыс әкімдігімен бірлесіп, шетел инвесторларымен белсенді жұмыс істеуі керек.
Қасым-Жомарт
Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Биыл
Құрық-Жетібай тас жолын жөндеу жұмысы аяқталады. Енді Түрікменстан бағыты
бойынша көлік-тасымал әлеуетін арттыру қажет. Жаңаөзеннен шығып, Кендірлі
арқылы Түрікменстан шекарасына дейін баратын күре жолды жөндеуге биылдан бастап
кірісуді тапсырамын. Темір жол бекеттерін жаңғырту және жаңарту жұмысы
басталды. Еліміз бойынша 125 вокзалды жөндеу жоспарланып отыр. Оның ішінде
Маңғыстау, Бейнеу және Шетпе бекеттері бар.

