Дауыс беру күні учаскелерде мерекелік көңіл-күй орнады

Дауыс беру күні учаскелерде мерекелік көңіл-күй орнады

Бүгін референдум учаскелерінде ерекше мерекелік атмосфера орнап, ұлттық колорит сезілді. № 60-шы дауыс беру участкесі ою-өрнектерпен безендіріліп, ұлттық нақышымен дараланды. Мұнда тұрғындарға арнап әсерлі мәдени бағдарлама әзірленген. Сайлаушыларға ардагерлер халық хоры өнер көрсетіп, қазақтың белгілі әндерінен концерт қойды. Дауыс берушілер де әртістерге қолдау көрсетіп, қошемет танытты.

Қарлығаш Ахметова, «Елорда» халық хорының қатысушысы:

- Бүгінгі іс-шарада біз де азаматтық ұстанымымызды таныттық. Бүгін референдум. Біз дәл осы достық үйінде өнер көрсеткіміз келген. Сондықтан бір сағаттық бағдарламамызды қуана орындадық.

Мұндағы мерекелік көңіл-күйге музыкамен қатар, әйгілі қонақтар да үлес қосты. Учаскеге келген атақты спортшылар мен танымал тұлғалар дауыс беріп, ел ертеңі үшін маңызды оқиғаға қолдау көрсетті. Олардың арасында қазақстандық ауыр атлет, төрт дүркін әлем чемпионы Илья Ильин бар.

Илья Ильин, Қазақстандық ауыр атлет, төрт дүркін әлем чемпионы:

- Мен өз елімнің белсенді азаматымын, әрдайым осындай іс-шараларға, референдумдарға, сайлауларға қатысамын. Біз бүгін көпұлтты Қазақстанның болашағы үшін достық үйіне келдік, біз әрқашан бейбітшілік пен келісімде, бір шаңырақ астында өмір сүруіміз керек.

Мерекелік көңіл-күй басқа учаскелерге де таралған. Мысалы, елордадағы бірінші учаскеде азаматтық борышын өтеуге келгендердің барлығына суықта бой жылыту үшін бауырсақ пен ыстық шай берілді. Азаматтардың көбісі отбасымен келіп, өз әсерлерімен бөлісті. Дауыс беріп шыққан сайлаушылар қазақстандықтардың ел тағдырындағы маңызды шешім қабылдаған тарихи күннен естелік ретінде көшедегі арнайы орында суретке түсіп, әлеуметтік желіде бөлісті.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?