Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында күміс медаль жеңіп алған Қазақстанның әйелдер құрамасын құттықтады. «Бұл қазақ шахмат мектебі мен шахматшы қыздарымыздың тамаша жетістігі. Спортшыларымыз биік белестерді бағындыра берсін!» – деп жазды Мемлекет басшысы өзінің Х әлеуметтік парақшасында. 169 мемлекеттің озық ойлы өкілдері қатысқан Зияткерлік олимпиада Мажарстан астанасы Будапеште өтті. Біздің команда соңғы турда АҚШ-пен 2-2 есебімен тең түсіп, 18 ұпай жинады. Ал Олимпиаданың фавориті Үндістан командасынан тек бір ұпайға кем жинады. Қазақстан құрамасының бұл жеңісін тарихи деуге болады. 2 жыл бұрын біздің құрама Үндістанның Ченнай қаласында өткен додада үздік бестікті түйіндеген болатын. Бұл жолы 11 турдан тұратын бәсекеде ел намысын Бибісара Асаубаева, Меруерт Камалиденова, Әмина Қайырбекова, Ксения Балабаева, Алуа Нұрман қорғады.
Тимур Турлов, Қазақстан шахмат федерациясының президенті:
– Меніңше, бұл еліміздегі зияткерлік әлеуеттің көрсеткіші. Бұл жай ғана екінші орын емес, біз осы олимпиада барысында топ-көшбасшылармен бәсекеге түстік. Бүкіл олимпиада барысында жоғары ұпайлармен бірінші және екінші орын аралығында болдық. Біздің командамыз олимпиададағы ең жас құраманың бірі. Ойыншыларымыздың орташа жасы – 19. Олардың көбі бірінші не екінші рет олимпиадада ойнады. Алда оларды әлі де ірі бәсекелер күтіп тұр, тәжірибелері толыса түседі. Осы қарқынмен алтын медаль алатын күн де алыс емес. Бұл біздің зияткерлік болашағы зор елге айналғанымыздың көрсеткіші деп ойлаймын.