Қазақстанда алғаш рет аналардың футбол үйірмесі ашылды

Қазақстанда алғаш рет жас жеткіншектердің аналары арасында футбол үйірмесі ашылды. Әдетте олар балаларының ойынына уайымдап, тақымын қысатын болса, елордадағы жалпы білім беретін орта мектепте, керісінше балалар жанкүйер болады.

Айнұр Ізбасқанова өз ұлын футбол үйірмесіне берген. Кішкентай кезінде аулада ойнағаны болмаса, күйбең тіршілікпен есейгеннен кейін барлығы ұмыт қалған. Алайда, баласының ойнын көріп, делебесі қозған ана, өзі де теңбіл допты қақпаға тоғытқысы келіп, осы үйірмеге қатысуға бел байлады. Ұлы сияқты ол да шабуыл шебінде өнер көрсетеді.

Айнұр Ізбасқанова, үйірме қатысушысы:

- Жарыстарда, турнирлерде, жалпы, балаларымыз ойнағанда қарап, жанкүйер болып отырамыз. Сондай кезде өзіміз де ойнағымыз келіп кетеді, шыны керек.

Күләш Манкиева болса, осы мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары. Уақытының көбі білім ошағындағы балаларға бас-көз болумен өтеді. Бос уақытында екінші перзентін клубқа тасып жүріп, өзі де доп тебуге қызықты. Бүгінде, педагог оң жақ қапталдағы латераль позициясында ойнайды. Ол дегеніміз, тек осы тұстағы қорғанысқа жауап беріп қана қоймай, қаптал бойымен шабуылға да араласады.

Күләш Манкиева, үйірме қатысушысы:

- Расымен, басында жүрексініп тұрдым. Доптан қорықтым. Қалай ойнаймын деген ой болды. Ол ойым дұрыс болмапты. Соны қазір түсініп жатырмын. Осы жаттығудан кейінгі энергия үйге келгенде мүлдем басқаша әсер береді. Шаршадым деп бірнеше рет жаттығуға бармай қалған кездерім болды. Бірақ, соған қазір қатты өкінемін. Себебі, көп нәрсені үйренбей қалдым.

Аналар футбол клубын құру туралы бастама Жанерке Пермеге тиесілі. Қазақстан әйелдер ұлттық құрамасының бұрынғы ойыншысы алғашында тек осы мектеп оқушыларын жаттықтырып келді. Алайда, аналардың ауызбіршілігін арттыру мақсатында тағы бір үйірме ашуға бел буған.

Жанерке Перме, бапкер:

- Біз енді әзірге ата-аналармен тактикалық тұрғыда жұмыс істемедік. Бірақ, бапкер ретіндегі менің ойым, қазір ешкім қорғаныс арқылы ойнамайды. Қазір барлығы шабуылға ден қояды. Ата-аналардың арасында да, жаттығуда сенімді түрде гол соғып, тіпті, қарсыласты алдап, қапы қалдырып гол соғатындар бар. Яғни, икемі бар. Ата-аналардың футболға деген көзқарасы өзгерді. Олар басында ондай мүмкіндікті көрмеген, білмеген болатын. Қазір соны көргеннен кейін өзгеріс бар. Талпыныстары да күшті.

Мектеп директоры – Гүлжан Төлеудің айтуынша, мектепте 4500 ден астам оқушы білім алады. Көпшілігі футболмен шұғылданады. Десе де, кестеде уақыт тауып, алаңды аналарға да барынша ыңғайлы кезде босатуға тырысқан. Нәтижесінде, қазір аналар командасы екі ай бойы жаттығып келеді.Алдағы уақытта команда шет мемлекеттерде өздері секілді аналар арасында болатын турнирлерде бақ сынамақ. Тіпті, қазан айында Ресейдегі турнирге аттанады.