Париж Олимпиадасының жүлдегерлері елге оралды. Астанаға бокстан күміс медаль жеңімпазы Нұрбек Оралбай ұшып келді. Елорда әуежайында спортшыны ерекше құрметпен қарсы алды. Спортшыны отандастарымыз жалауларымен, транспаранттарымен, әндерімен және ақ жарма тілектерімен қарсы алды. Нұрбек Оралбай «алтыннан» үмітті болғанын да жасырмады.
Нұрбек Оралбай, Париждегі Олимпиада ойындарының күміс медаль жеңімпазы:
– Бірінші Олимпиада болғандықтан, оңай болған жоқ. Алғашқы жекпе-жектен бастап қарсыластар мықты болды. Онда ешкім ұтылу үшін бармайды. Барын салады. Енді Алланың қалауымен осылай екінші орын бұйырып тұр екен. Оған да шүкір. Мен Олимпиада ойындарына алтын үшін барған едім. Осы жолы бұйырмағанымен, келесі жолы бұйырады деп ойлаймын.
Ал Алматы әуежайында жазғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Назым Қызайбайды қарсы алды. Отандық спортшыны құттықтауға жүздеген бокс жанкүйерлері, туыстары мен жақындары келді.
Еске салайық, нәзік жанды 50 килограммға дейінгі салмақ дәрежесінде жартылай финалға шығып, ел намысын қорғап, қанжығамызды қола медальмен майлады.