Президент Астанада бірқатар нысанды аралады

Президент Астанада бірқатар нысанды аралады

Президент MFA International компаниясының елордадағы кәсіпорнын аралап көрді. Бұл - индустриялық респиратор мен газтұтқы шығаратын Түркиядағы ең ірі және Еуропадағы үштікке енетін компания. 2020 жылы компания Қазақстанға инвестиция құйып, осы зауыттың құрылысын бастаған болатын. Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев медициналық бұйымдар шығаратын елордалық кәсіпорындар көрмесіне барды. Президентке еліміздегі кардиохирургия мен трансплантологияны дамыту барысы туралы айтылды. Биыл мамырда ALEM инновациялық аппаратын шығаратын зауыт құрылысы басталғаны жөнінде ақпарат беріліп, жүрек ауруларын емдеу бойынша атқарылып жатқан кешенді шаралар таныстырылды. Бұдан бөлек, Президентке Kazecotech кәсіпорнының ғылыми-техникалық жетістіктері көрсетілді. Соңғы үш жылда компания ең үздік әлемдік стандарттарға сай келетін 250-ден астам протез дайындап, 500 адамды мүгедек арбасымен қамтамасыз еткен.

Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев KIA маркалы арнайы және коммерциялық техникалар құрастыратын зауыт жұмысымен танысты. Кәсіпорын 2022 жылдан бері 700-ден аса автокөлік шығарған. Өндіріске құйған инвестицияның жалпы көлемі 11 миллиард теңгеден асты. 240 маман тұрақты жұмыспен қамтылған. Компания өндірістік қуаты мен өнім түрін кеңейту үшін басқа да халықаралық брендтермен келіссөз жүргізіп жатыр.

Қазір нарықта сэндвич-панелдер өнеркәсіптік, логистикалық, әкімшілік, спорттық және басқа да нысандардың құрылысында үлкен сұранысқа ие. Президент осы өнімді шығаратын KazPan зауытын аралап көрді. Еңбек ұжымымен әңгімелесу барысында өндіріс ошағы бәсекеге қабілеттілікті арттырып, еліміздің инфрақұрылымын дамытуға зор үлес қосатынына сенім білдірді. Зауыт жылына 1,8 миллион шаршы метрге дейін өнім шығара алады.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Мыңжылдық» аллеясын дамыту жоспарымен танысты. Астана әкімі вокзал маңындағы саябақ Сарайшық ауданының беткеұстар мүйісіне айналатынын айтты. Мұнда ойын алаңдары, амфитеатр болады. Биыл Тәуелсіздік даңғылы маңындағы тұрғын үй кешендерін қамтитын желілік саябақ абаттандырылады. Астананы дамытуда Тұран даңғылының батыс жағындағы GreenLine бульвары да ерекше маңызға ие. Бастысы - жобалар жүзеге асырылғанда тұрғын үй, жұмыс, қызмет көрсету мен рекреация орындары қолжетімді әрі бір-біріне жақын болуға тиіс.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?