Қазақстан
Президенті Қатарға жұмыс сапары барысында бірқатар маңызды кездесулер өткізді. Қызылорда облысында бу-газ қондырғысын салу және
облысаралық электр желілерін тарту жобалары бойынша келіссөз жүргізіп жатқан Power
International Holding компаниясының иелері Муатаз Әл-Хаят пен Рамез Әл-Хаятпен
кездесті. Бұдан бөлек, Қатар конгломератының басшылары жасанды интеллект бағытында бірлескен бастамаларды қолға алуға
дайын екенін мәлімдеді. Сонымен қатар компанияның елімізде энергетика,
телекоммуникация салаларындағы ірі инвестициялық жобаларды іске асыру барысы
қарастырылды. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жобалар еліміздің энергетикалық
қауіпсіздігін нығайтуға елеулі үлес қосатынына назар аударды. Сондай-ақ, Президент
Қазақстан Үкіметі тарапынан қатарлық инвесторға қолайлы жағдай жасалатынын
растады.
Нұрлан
Жақыпов, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы:
- Газ саласында «Қазақгаз» екі газ құбырын және екі газ өңдеу зауытын салуды іске асырады. Бірінші газ құбыры - «Ақтөбе-Қостанай». Бұл газ құбыры 2026 жылы пайдалануға беріледі. Екіншісі - «Бейнеу - Бозой - Шымкент», ол да 2026 жылы іске асырылады деп күтілуде. Газ өңдеу зауыттарына келетін болсақ, қуаттылығы жылына 1 млрд текше метр болатын зауыт 2026 жылы пайдалануға беріледі. Ал қуаттылығы 2,5 млрд текше метр болатын екінші зауыт 2029 жылы іске қосылады.
Жаңартылатын
энергия көздері саласындағы инвестициялық ынтымақтастықтың перспективалары туралы Мемлекет
басшысы Nebras Power компаниясы директорлар кеңесінің төрағасымен талқылады. Қасым-Жомарт Тоқаев Астана мен
Доха арасындағы ұзақмерзімді стратегиялық серіктестікті нығайтуда қуаты 300
мегаватт болатын Семей ГЭС-інің
құрылысына қатысты келісімді құптады.
Мұхаммед Нассер Әл-Хаджри мемлекет
басшысына бірлескен жобаны іске асырудың
негізгі кезеңдері жөнінде мәлімет беріп, «жасыл» энергетика саласындағы
Қазақстанның әлеуеті зор екенін айтты. Мемлекет
басшысы Қатар Әмірінің стратегиялық серіктестік
деңгейіне көтерілген екіжақты қарым-қатынасты нығайтуға қосқан үлесін жоғары
бағалады. Қасым-Жомарт Тоқаев пен шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни банк, телекоммуникация, энергетика, ауыл
шаруашылығы және медицина салаларындағы жобаларды іске асыру барысын талқылады.
Қазақстан Президенті Қатар бизнесімен бірлескен жобалар екі елдің дамуына
септігін тигізетініне сенім білдірді. Ал, Катар
әмірі Астана мен Доха арасындағы ынтымақтастық ұзақмерзімді стратегиялық
сипат алғанын жеткізді. Сондай-ақ, оның айтуынша, үкіметтер жоғары деңгейде
қол жеткізілген келісімдерді жүзеге асыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде.
Әсел Күшенғалиева

