Геосаяси жағдайдың тигізетін кері әсеріне төтеп беру. Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Реформалар жөніндегі жоғары кеңес отырысында басты тақырып осы болды. Үкімет құрған Дағдарысқа қарсы шараларды үйлестірудің жедел штабы жағдайдың қалай өрбитініне қарап шара қабылдауға, сондай-ақ алдағы іс-қимылдардың бірыңғай жоспарын жасауға тиіс. Мемлекет басшысы бизнес өкілдерін қолдауға бағытталған арнайы шаралар қабылдауды тапсырды. Халықтың жекелеген топтарына да демеу көрсетіледі. Сондай-ақ мемлекеттік бюджет қайта қаралады. Мәселен, пайдалы қазбалардың өндірісі салығының мөлшерлемесін орта есеппен 1,3 есе өсіретін болса, бюджетке түсетін кіріс 300 млрд теңгеге артады. Бұдан бөлек, шетелдік компаниялар мен майнингке салынатын салық өседі. Капиталды сыртқа шығаруды бақылау әрі қарай жалғасады. Кездесуде инвестициялық саясатты жетілдіру мен «Самұрық-Қазына» Акционерлік қоғамын реформалау мәселелері талқыланды.