Қазақстанның аса маңызды шикізат материалдарын өндіруде әлеуеті мол

Қазақстанның аса маңызды шикізат материалдарын өндіруде әлеуеті мол

Қазақстан мен Еуропалық Одақ геология саласы бойынша әріптестікті нығайтады. Атап айтқанда сирек кездесетін металл өндірісін дамытпақ. Тиісті меморандумға тараптар Брюссельде қол қойды. Бұл екі ел үшін де өте тиімді дейді сарапшылар. Олардың пікірінше, Қазақстанның аса маңызды шикізат материалдары саласында әлеуеті мол. Өз кезегінде ЕурОдақтың табиғи байлықтарға деген қажеттілігі 2030 жылға қарай 12 есе өсіп, 2050 жылы тағы екі есе ұлғаяды деп күтілуде. Ал Еуропа экономикасына қажетті 34 шикізат түрлерінің 18 қазірде Қазақстанда өндіріледі. Оның үстіне, жай ғана шикізат түрінде емес, дайын мателл күйінде өңделеді. Олар, өз кезегінде тек Еуропаға ғана емес, АҚШ, Қытай, Оңтүстік Корея мен Ұлыбританияға экспортталады.

Қанат Шарлапаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:
-
Біз диалогты одан сайын тереңдеттік. Осы диалогтың аясында меморандумға қол қойдық. Енді ары қарай да жұмыс істей береміз. Қазіргі жоспар – меморандумда қарастырылған келісімдерді еуропалық Одақпен бірлесе Жол картасына енгізу. Осылайша, бірлескен идеяларды жүзеге асыруды қолға алмақпыз. Бүгін болған осы бизнес-диалог, жоспарды жүзеге асыру мақсатында нақты қадамдар жасауға мүмкіндік бермек. Еуропалық компаниялар бздің кен орындарын барлау мен өндіріс бастауға қатысты. Оны біздің тізімге қосты. Сәйкесінше, біз кен орындары мен өндіріс көлемін тұрақты арттырып келеміз. Сондықтан аса маңызды және сирек кездесетін металлдар нарығында өзіміздің лайықты орнымызға табан тірейміз.

Атап кетсек, Еуропалық Одақ – Қазақстанның ең басты сауда серіктестерінің бірі. Кәрі Құрлықтан отандық экономикаға салынған тікелей инвестициялардың көлемі былтыр 12,5 млрд долларға бағаланған.