Алдағы Құрылтай сайлауында Қазақстанның партиялық
жүйесінің даму деңгейі сынға түседі. Сарапшылардың пікірінше, саяси
мәлімдемелермен қатар, партиялардың түрлі сайлаушылар топтарымен жұмыс істеу қабілеті
де басты назарда болмақ. Маңызды мәселелердің бірі - Құрылтайдың болашақ
құрамының кәсіби деңгейде қалыптасуы, әрі қоғамның сұраныстары мен мүдделерін
ескеру.
Риззат Тасым, Қазақстандық қоғамдық даму институтының Институционалдық
талдау және реформалар орталығының директоры:
- Қоғамдағы әлеуметтік-демографиялық өзгерістерді ескеру
қажет. Айталық, бүгінгі таңда халықтың үштен бірі - жастар. Болжам бойынша 2030
жылға қарай әрбір үшінші қазақстандық немесе 6 миллион азамат жастар санатында
болады. Демек, егер партия өзінің сайлауалды бағдарламасында немесе болашақ
Құрылтай жастардың нақты өкілдігін қамтамасыз ете алмаса, онда ұлтаралық
консенсус, жастардың саясаттағы өкілдігі мәселелері, әрине, жыл сайын күрделене
түсетін болады.
Сарапшылар саяси реформаны ішкі өзгерістер тұрғысынан
ғана емес, оның сыртқы әсерін де бағалайды. Инвесторлар тек экономикалық
көрсеткіштерге ғана назар аудармайды, олар мемлекеттік басқару жүйесінің
байсалды даму жолын бағалайды.
Жандос Шаймарданов, ҚР Президенті жанындағы стратегиялық зерттеулер институтының директоры:
- Жаңа конституцияның қабылдануы біздің шетелдік
әріптестерімізге Қазақстанның тұрақтылығын, біздің саяси дамуымыздың
үдемелілігін айғақтайды. Сондай-ақ олар Қазақстанда жүргізіліп жатқан
реформаларға қолдау білдіреді. Егер инвестициялық тартымдылық туралы айтатын
болсақ, инвесторлар неғұрлым тұрақты, ұзақмерзімді жоспар құрып отыр. Және олар
Қазақстанның өз даму стратегиясы бар екенін түсінеді. Қазақстан саяси
жаңғыртудың жаңа дәуіріне аяқ басты. Бұл инвесторлар үшін өте маңызды кезең деп
ойлаймын.

