Парламент Мәжілісінде сессия басталғалы 80 заң жобасы қаралды. Бүгінде олардың 39-ы мақұлданып, Сенатқа жіберілді. 25 заңға Мемлекет басшысы қол қойды. Бұл туралы биылғы жұмысты қорытындылаған төменгі палата төрағасы Нұрлан Нығматулин мәлімдеді. Депутаттар сот жүйесін жетілдіру, судьялар мәртебесін көтеру, құқық қорғау органдарының қызметін біріздендіру, сондай-ақ қоғамды ізгілендіру қамында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасауға қатысты құжаттарды қабылдады. Елдегі өндіріс саласын дамыту және кәсіпкерлікті қолдау шаралары да мақұлданды.
Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы:
- Біз қабылдаған әрбір құжат ел экономикасын, халықтың әлеуметтік жағдайын, өнеркәсіпті, денсаулық пен білім салаларын жақсартуға арналады. Шағын және орта бизнес, сондай-ақ экология мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Алдымызда әлі де көптеген маңызды міндет тұр. Келесі жылы да қалыптасқан тәжірибені, мүмкіндікті пайдалана отырып еліміздегі реформаларды және өзгерістерді тиісті заңдармен қамтамасыз етеміз деп сенеміз.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов