Қазақстан заң шығару үрдісінде жасанды интеллекттің мүмкіндіктерін қолдануға ниетті. Бұл қызметті цифрландыру үшін күрделі зерттеулер жүргізіп, құқықтық негіз құру қажет. Аталған істе заманауи тәсілдерді сәтті кәдеге асырған елдердің тәжірибесін ескеру маңызды. Бұндай ұсыныстар Парламентаризм институтында өткен дөңгелек үстелде көтерілді. Жиынға қатысқан Қытай, Ресей, Польша және отандық сарапшылар оның сараптама үшін таптырмас құрал екенін алға тартады. Ол заң жобаларындағы қайшылықтарды анықтап, халықаралық стандарттармен салыстыруға қауқарлы. Жасанды интеллект қабылданған заңның халық өміріне әсері туралы құнды болжамдар жасауға да мүмкіндік береді. Бұл ретте еліміздің мамандарының нақты әзірлемелері бар. Қазақстанда қоғамдық мониторингтің автоматтандырылған жүйесін ендіру көзделіп отыр. Жаңа технология 20-ға тарта дереккөзді саралайды.
Меруерт Қабылбаева, Нормативтік құқықтық актілер мониторингі және халықаралық тәжірибе орталығының басшысы:
- Барлық дереккөздерден, комментарий, әлеуметтік желі, мемлекеттік органдардың есептері, статистикалық есептер соның барлығынан осы автоматтық жүйе өзі жинап, бізге алып береді. Мұнда кеңінен қарау, ештеңені жіберіп алмау сияқты мәселелерге өте көп көмегін тигізеді. Этапта ақпараттық барлығы жиналғаннан кейін сол жерде жасанды интеллект қосылуы тиіс. Ол өзі ұсынымдарын дайындап, проблемаларды өзі айтуы тиіс.
Анастасия Калмыкова, РФ Үкіметі жанындағы Заңнама және салыстырмалы құқықтану институтының жетекші ғылыми қызметкері:
- Қазақстанның заңнамалары мен нормативтік құқықтық базаны әзірлеу, әділет бағыты және мемлекеттік қызметтердің электронды жүйелерін құру жұмыстарын зерттеу барысында елдің жасанды интеллектті қолдану деңгейі жоғары қарқынмен дамып келетінін байқадым. Меніңше, қазақстандық ғалымдар мен заң шығару үрдісіне қатысуатын мамандар бұл маңызды іске заманауи технологияларды ендіруде оның халыққа барынша тиімділігін арттыруды басты назарға қояды.
Жеңіс Ермұқанов

