Қазақстанда «Әкімдер мектебі» ашылды

Қазақстанда «Әкімдер мектебі» ашылды

Қазақстанда аудан және аудандық маңызы бар қалалар мен ауыл әкімдерінің біліктілігін арттыру бағдарламасы іске қосылды. Елді мекен жетекшілерінің оқуы мамыр айының ортасына дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында екі мыңнан астам тыңдаушы стратегиялық және бюджеттік жоспарлау, салық заңнамасы, коммуналдық меншік пен инфроқұрылымды басқаруға қатысты 17 модульді меңгермек. Сонымен қатар, олар өңірде кәсіпкерлікті дамыту мен бизнеске қолайлы жағдай жасау, инвестиция тарту, сондай-ақ мемлекеттік қызметкердің этикасы мен коммуникацияны жетілдіру негіздеріне қатысты сабақ алады. Әкімдер оқу бағдарламасын Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының филиалдарында өтеді.

Ерлан Әбіл, ҚР Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры:

- Егер бұл курстар бұрын белгілі бір әкімнің сұрауы бойынша тек нақты бағытқа ғана ие болса, қазір біз әкімдерді жинап кешенді түрде оларға тиімді жұмыс атқару үшін қажетті барлық құзыреттерді береміз. Біз, оларға медиа-жаттықтырушылармен тығыз жұмыс істеуге мүмкіндік жасаймыз. Яғни, әкімдер арнайы тетіктермен, жұмыс әдістерімен қызмет етуге машықталады. Олар бұқаралық ақпарат құралдарымен, қоғамдық белсенділермен және блогерлермен танысады. Тыңдаушылар аталған оқу бағдарламаларының аясында жеткілікті көлемде кәсіби білім алады деп үміттенемін.

Еске салайық, саяси реформалар аясында Қазақстанда жасырын дауыс беру арқылы ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын өткізу тәжірибесі енгізілген. Ол алғаш рет 2021-ші жылы өткізілді. Ал, 2023-ші жылдан бері бұндай жүйемен пилоттық режимде аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін, 2025-ші жылдан бастап ел бойынша барлық аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың жетекшілері сайланады.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?