«Қазақстан жасанды интеллектіні жан-жақты дамытуға ден қойып, нейрондық желілерді барлық салаларға ендіруді қолға алды». Францияның Қазақстандағы елшісі Сильван Гиоге арнамызға берген сұхбатында осылай деді. Оның сөзінше, жуырда Парижде өткен Жасанды интеллект жөніндегі іс-қимылдар саммитінде шетелдік делегациялар Қазақстанның саланы дамыту әлеуетін жоғары бағалаған. Біздің республика жаһандық саммитке қатысқан Орталық Азия өңірінен жалғыз ел болғанын айта кеткен жөн. Жиында халық пен бизнеске мемлекеттік қызмет көрсету бағытындағы отандық цифрлық шешімдер мен Alem.AI орталығының тұжырымдамасы таныстырылды. Қазақстандық тарап GPAI – жасанды интеллект технологияларын дамыту және жауапты қолдануға бағытталған халықаралық бастамаға қосылуға ниетті екенін жеткізді.
Сильван Гиоге, Францияның Қазақстандағы елшісі:
- Париждегі саммиттің басты қорытындысы адамдар үшін тұрақты жасанды интеллект туралы мәлімдемеге қол қоюдың ресми рәсімі болды. Біз осы саланың қолжетімділігі қағидаттарын ілгерілеткіміз келеді. Яғни, ашықтықты, сенімділікті және жасанды интеллекті басқару үрдісін қамтамасыз етуді көздейміз. Қазақстан бұл мәлімдемені әлемнің 60 елімен бірге қолдады.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов

