Қазақстандық дәрігерлер медицина әлеміне теңдесі
жоқ құрылғы ойлап тапты. Бірегей отандық қондырғы - адам ағзасын 24 сағат бойы
сақтап, оны денеден тыс емдеуге мүмкіндік береді. Яғни, бір тәуліктің ішінде
донорлық органды жеткізіп, ота жасап үлгеруге болады. Мәселен, осыған дейін жүрек тек 6 сағат ішінде тасымалдануы тиіс екені мәлім. Өйткені, кейін
ол трансплантациялауға жарамсыз болып қалады. Бұның шешімін Ұлттық ғылыми
кардиохирургия орталығының мамандары тапты. Өнертабыс тек жүректі ғана емес
кез-келген донорлық ағзаны зәру жанға алмастырғанша дейін қалыпты жағдайда
ұстап, үздіксіз қан айналымын қамтамасыз етіп тұрады.
Тимур Лесбеков, University Medical Center кардиохирургия КАД директоры:
- Осыған ұқсас баламалы әлемдік әзірлемелердің бәрінде дерлік оттегі бар
балон қолданылады. Ал біздің қондырғы қандайда бір үлкен оттекті балондар
немесе өзге жасанды ауа көздеріне тәуелді болмайды. Бұл жүйе өзіміз күнделікті
тыныс алып жүрген атмосфералық ауаны шоғырландырып, қан айналымына қажетті
көлемде жіберіп тұрады. Яғни, тасымалданатын ағза ұзақ мерзім бойы жарамды
қалпын сақтайды.
Адам өмірін арашалап қалатын тың жоба 2015 жылдан қолға алынған. Тек 2022
жылдан тәжірибе жүзінде сыналып келеді. Биыл енді жүйені клиникалық деңгейде
зерттеп, өндіріске қою мақсаты тұр. Әзірге еліміз бойынша донорлық ағзалар шетелдік
құрылғылардың көмегімен тасымалдануда.
Юрий Пя University Medical Center басқарма төрағасы:
- Бұндай шетелдік бір аппараттың құны шамамен 200 мың доллардан асады. Біздің
жоба америкалық үлгіден техникалық жағынан ерекшеленеді. Қазірдің өзінде
көрсеткіштері әлдеқайда жоғары. Отандық құрылғының бағасына келсек,
қолданыстағы шетелдік баламасынан біршама арзан болатыны анық.
Қазақстанда трансплантология тарихы бастау алған 2012 жылдан бері жүрек
алмастыру бойынша 95 сәтті отта жасалған. Бүгінде елде 137 адам осыған зәру,
оның оны бала. Жалпы қазір Қазақстанда түрлі донорлық ағзаны 4 мыңға жуық
науқас күтуде. Өнертабыс иелері отандық жүйе бұл көрсеткішті жақсартуға
септігін тигізетініне сенімді.