Биыл Қазақстанда тұрғын үй құрылысын дамытуға 1 трлннан астам теңге жұмсалды

Биыл Қазақстанда тұрғын үй құрылысын дамытуға 1 трлннан астам теңге жұмсалды

Биыл Қазақстанда 18 млн шаршы метр тұрғын үй салынады. Бұл рекордтық көрсеткіш. Жалпы 2030 жылға қарай елімізде 111 млн шаршы метр тұрғын үй тұрғызылып, 1 млн астам отбасын жаңа баспанамен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Бұл ретте Үкімет әлеуметтік осал топтағы қазақстандықтарды жалға берілетін тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін шаралар қабылдауда. «Осы мақсатта 22 мыңнан астам пәтер сатып алу жоспарланған»,- деп Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі атап өтті. Бұдан басқа, әкімдіктер мемлекеттік бағалы қағаздарды шығару арқылы 10 мың несиелік пәтер салуға ниетті. Сонымен қатар елімізде алдағы айда сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасы іске қосылады.

Қанат Шарлапаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:

-Үкімет сатып алу құқығымен берілетін арендалық тұрғын үй  көлемін бірнеше есеге арттырып, жаңа ипотекалық бағдарламаны іске қосуы қажет. Механизмдердің негізгі шарттарына тоқталатын болсам, әкімдіктер жеке құрылыс компанияларынан ауданы 80 шаршы метрді құрайтын жаңа тұрғын үйді сатып алады. Тиісті нормаларды Үкімет қабылдады, мамыр айынан қаржыландыру басталады. Осы орайда кезекте тұрғандарға арендалық тұрғын үйді жекешелендіру құқығын беретін заң жобасы Мәжілісте қаралуда.

Сондай-ақ, Қазақстанда келесі айдан бастап жаңа жеңілдікті ипотекалық бағдарлама іске қосылады. Ол 7 проценттік мөлшерлеме бойынша несие алуға мүмкіндік береді. Қанат Шарлапаевтің дерегінше, бағдарламаның аясында 30% аспайтын мөлшерде моноқалалар мен елді мекендерде де тұрғын үйді екінші нарықтан сатып алуға болады. Жалпы биыл бөлінетін 300 млрд теңгеге 12 мың ипотекалық несие рәсімдеу көзделген. Одан әрі 8 мың несие беру үшін жыл сайын 200 млрд теңге қарастырылады. Жалпы, биылғы жылы тұрғын үй құрылысын дамытуға 1 трлн теңгеден астам қаржы бөлінді. Бұл 64 мың қазақстандыққа жаңа баспана алуға мүмкіндік береді.