Ауыл шаруашылығы – жіті бақылауда. Бұны Қазақстан Президенті еліміздің
диқандарымен кездесуінде ерекше атап өтті. Бұл сала мемлекет үшін басым
бағыттардың бірі. Яғни, азық-түлік қауіпсіздігі мен экспорттық әлеуеттің өсу кепілі.
Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр рекордтық астық жиналғанын, биылғы орақ науқанынан
да табысты нәтиже күтетінін жеткізді. Мемлекеттің жүйелі қолдау шаралары нәтиже
бере бастады. Жер емген ел шаруаларының еңбегі өнімдірек бола түсті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Агротехнологияны қолдану жоғары деңгейге жетіп, өнімділік артты. Бұған
дейін ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін екі есе ұлғайтуды тапсырған едім.
Бұл бағытта ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Оның қарқынын төмендетуге болмайды.
Пайдасы көп әрі тиімділігі жоғары дақылдарды өсіруге басымдық бере отырып,
егістікті әртараптандыруды жалғастыру керек.
Өнімді уақытында жинаумен қатар, оны тиісінше сақтауға да көңіл бөлу қажет.
Мемлекет басшысы элеваторларды жаңғырту үшін 2026 жылғы барлық егіс науқанын
жеңілдікпен қаржыландырудың арнайы бағдарламасын іске қосу қажеттігін атап
өтті. Мал шаруашылығы да назарсыз қалмайды. Жыл соңына дейін саланы дамыту
бағдарламасы әзірленеді. Онда мемлекеттік қолдау шараларын ұзақ мерзімге алу
көзделмек. Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығына цифрландыруды енгізу
қажеттігін де атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біз тек жаппай цифрландыру арқылы экономиканың барлық
саласында ашықтық пен тиімділікті қамтамасыз ете аламыз. Мен бұл мәселеге
Жолдауда жан-жақты тоқталдым. Ауыл шаруашылығына цифрлық технологияны тездетіп
енгізу керек. Егін және мал шаруашылығындағы үдерістерді толық қадағалап отыру
үшін цифрлық тәсілдерді қолдану қажет. Бұл жұмысты ІТ-бизнеспен бірлесе отырып
атқарған жөн.
Бұл ретте отандық ауыл шаруашылығы өндірушілері қараша айында Астанада
өтетін екінші Агрофорумда өзара тәжірибе алмасып, табысты шешімдерді талқылайтынын
айта кеткен жөн.

