Суару маусымында қазақстандық аграршыларға 6 млрд текше метрден астам су берілді. Су ресурстары және ирригация министрлігінің хабарлауынша, бүгінгі таңда 23 мыңнан астам отандық ауыл шаруашылығы өндірушілерімен тиісті шарттар жасалды. Сырдария өзені арқылы біздің елімізге 4 млрд текше метрден астам тіршілік көзі жеткізілген.
Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін Қазақстанға Өзбекстаннан жарты жыл ішінде 3,7 млрд текше метр су жіберу туралы мәміле жасаған болатын. Бұл меже 4 айдың ішінде орындалды. Сонымен қатар, Өзбекстан суару маусымының соңына дейін Қазақстанға тағы 500 млн текше метр су жібереді.
Айта кетейік, барлық жұмыс ел аграрийлерінің қауырт кезеңде суға сұранысын толық қанағатандырудың қамында жүзеге асырылды.
Салалық ведомствода атап өткендей, тіршілік көзінің үлкен көлемі суару кезеңіне дейін жеткізілген.
Сонымен қатар, су дипломатиясы күшейтілді. Нәтижесінде оңтүстіктегі ауыл шаруашылығы өндірушілері астықтың екінші маусымын жинауға дайындалып жатыр.
Алмас Мұсабеков, ҚР СРИМ қоғаммен байланыс басқармасының басшысы:
– Жүргізіліп жатқан келіссөздердің және көршілерімізбен алдын ала мәмілелер жасасудың арқасында қазір «Достық» арнасы арқылы елімізге секундына 90 текше метр су келеді. Бүгінгі таңда Шардара су қоймасында 1,5 млрд текше метр су жиналды. Бұл бір жыл бұрынғы көлемнен 500 млн текше метрге көп. Өз кезегінде Шардара су қоймасынан Сырдария өзенінің төменгі ағысына 4,5 млрд текше метр су жіберілді. Бұл былтырғы көрсеткішке қарағанда 1 млрд текше метрге артық. Қызылқұм каналына 850 млн текше метр, ал 590 млн текше метр су Солтүстік Арал теңізіне жіберілді.