Былтыр Қазақстан үшін нейронды желілерді дамыту жолындағы табысты жыл болды. Жасанды инттеллект комитеті құрылып, оны дамыту тұжырымдамасы бекітілді. Сондай-ақ, елімізде арнайы салалық заң жобасы әзірленуде. KazLLM жеке тілдік моделінің құрылуы бірқатар технологиялық шешімдердің негізін қалайды. Қазірдің өзінде оның көмегімен отандық AI өнімдерін жасау ісі қолға алынған. Бұл қатарда eGov және басқа да платформалар үшін түрлі виртуалды көмекшілер бар. Осынау тың қозғалыстың негізгі кезеңі Аlem.ai халықаралық жасанды инттеллект орталығының ашылуы болмақ. Ол ғылым, өнеркәсіп, креативті индустрия және мемлекеттік қызметтер сияқты негізгі салаларда технологияларды дамытуға бағытталған.
Ғиззат Байтұрсынов, ҚР ЦДИАӨМ Жасанды интеллект және инновацияларды дамыту комитетінің төрағасы:
- Сонымен қатар Oрталық инвестицияларды тарту және стартаптарды қолдау үшін жасанды интеллект экожүйесін құруға ықпал етеді. Қазіргі уақытта Министрлік ғылыми-зерттеу жобаларын жүргізу және жаңа AI өнімдерін әзірлеу үшін Telegram, TON, Tether, Enrive, Google сынды компаниялардың орталығында кеңселерді орналастыру туралы бірқатар келіссөздер жүргізіп жатыр. Digital Almaty 2025 форумы BigTech компанияларын осы халықаралық орталыққа тарту үшін тиімді алаңға айналады.
Айта кетейік, форум биыл Алматы қаласында 31 қаңтар мен 1 ақпан күндері өтеді. Халықаралық алаңда Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің үкімет басшылары мен жер қойнауын пайдаланушылар, сарапшылар, бизнес және IT-индустрия өкілдері бас қосады. Білікті мамандар инновациялар мен цифрлық саланың әлеуетті болашағын талқылау үшін жиналады. Екі күндік іс-шараға 40 мыңнан астам адам қатысады деп күтілуде. Отандық сарапшылар мен әлемдік IT-алыптардың мамандары жасанды интеллекті енгізу тәжірибесімен бөліседі. Жалпы жиынға 21 елден 200-ден астам спикер қатысады деп жоспарланған.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов

