Қазақстанда су саласы үшін кадрлар даярлау
жұмыстары жандануда. Атап айтқанда, елімізде салалық мамандықтарға бөлінетін
гранттар саны арттырылып, биыл олардың саны мыңнан асты. Бұл өткен жылмен
салыстырғанда екі есеге көп. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация
министрлігі Астанада өткен баспасөз конференциясында хабарлады. Ведомствоның
мәліметінше, таяу жылдары ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру және
гидротехникалық нысандарды жаңғырту үшін республикада кемінде екі мың маман
қажет болады. Жалпы алғанда, мамандыққа деген қызығушылық артып келеді. Егер
өткен жылы су кәсіпорындарында 80-нен астам студент тәжірибеден өтсе, биыл
олардың саны 339-ға жетті. Кадрларды қайта даярлауға да назар аударылады.
Қазақстандық мамандар екі жыл қатарынан АҚШ, Франция, Өзбекстан, Оңтүстік
Корея, Жапония және Қытайда біліктілікті арттыру курстарынан өтті.
Ләззат Жүсіпова, ҚР Су ресурстары және
ирригация министрлігі Ғылым және инновация департаментінің директоры
- Бұл бағытта басты қадамдардың бірі ол халықаралық
ынтымақтастықты нығайту болып табыдады. Су ресурстары және ирригация
министрлігі мен қытайлық Power China компаниясымен келісудің нәтижесінде
қазақстандық су саласының мамандары көрші елде біліктілігін арттыру курстарынан
өтуде. Аталған курстардан 60 маман өтіп қойды. Бүгінгі күнде 31 маман оқудан
өтуде. Жыл соңына дейін тағы 30 маман көрші мемлекетке барып білім алады.

