Қазақстанда Жайық өзені жайлы энциклопедиялық фотоальбом жарық көрді. Ресейден
бастау алып Каспийге құятын трансшекаралық су көзінің ұзындығы 2 жарым мың
шақырымнан асады. Тіршілік нәрін еліміз арқылы жеткізетін аумағы мың км құрайды.
Қос елді ұштастырған өзен көлемі жағынан Еуропада үшінші орында. Оның алабы аң
мен құсқа бай. Сүтқоректілер, қосмекенділер мен жорғалаушылардың сан түрі
кезігеді. Кітап су көзінің бірегей экожүйесін, жан-жануарлар дүниесін
көпшілікке таныстыруды мақсат етеді. Басылымда 20 тарта отандық және шетелдік
фотосуретшілердің деректі еңбектері берілген. Оның флорасы мен фаунасына
қатысты қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде танымдық ақпарат ұсынылған. Ондағы
мәліметтер Жайыққа жасалған ғылыми экспедициялар барысында жасақталды. Жинақ
авторлары фотоальбом табиғат жанашырлары мен өлкетанушылар үшін пайдалы рессурс
боларына сенімді.
Айбын Шағалақ, «Aqjaiyq» Фотоальбомның шығармашылық тобының жетекшісі:
- Оқыған адамдар Жайық өңірінде қандай жан-жануарлар дүниесі бар екенін
жақынырақ білуге, тануға және сол арқылы оларға деген жанашырлығын, экологиялық
сауаттылығын арттыруға деген мақсатты ұстандық. Бұрыннан аққулы мекен деп жырға
қосқан Жайық болғаннан кейін ол жақта құстардың көп екені түсінікті.
Қазақстанда 500-ге тарта құстың түрі бар болса, соның 300-ге жуығы осы Жайықта
кездеседі екен. 15 түрі қызыл кітапқа енгізілген. Тағы 6 түрі халықаралық
табиғатты қорғау одағының қызыл тізіміне енгізілген. Мұндағы құстардың
әрқайсысына жеке-жеке зерттеулер жасауға болады. Оның бәрін уақыт көрсетеді,
бірақ жоспарлар бар.

