Отандық ғалыми әзірлемелер елдің жол құрылысының кәдесіне жаратылуда. Ғалымдар жолдың сапасын арттыру қамында бірқатар тың жобаны қолға алды. Қазір осы бағытта Қазақстанның тылсым мінез танытатын ауа райына төтеп беретін және өңірлерінің ерекшеліктеріне бейімделген материалдар әзірленіп жатыр. Сапалы жол жабынының құрамын анықтау үшін қиыршық тас, битум, топырақ қосындылары сыналды. Мақсат - елімізге ұзақ қызмет жасайтын аса сапалы жол салу. Былтырғы тексерістер қазақстандық өнімдердің тиімділігін көрсетті. Бұл қатарда көк тайғаққа қарсы экологиялық реагент пен битумның беріктігін арттыруға арналған модификатор, топырақты тығыздайтын қоспа және аса тұрақты жол бояуы бар. Жергілікті ғалымдардың құм-қиыршықтас қоспаларына арналған катализатор және түрлендірілген минералды ұнтақ сияқты әзірлемелері де сынақтан мүдірмеді. Олар сапасы жағынан импорттық баламалардан еш кем түспейді.
Ерік Әмірбаев, ҚазЖол ҒЗИ вице-президенті:
- 2025 жылы біз бұл өнімдерді тәжірибелік учаскелерде сынақтан өткізуді жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, топырақты тұрақтандыру және битумды жетілдіруге қатысты зерттеулерді жалғастырамыз. 2025 жылы Жолшы жүйесін дамытуға ден қойылады. Биыл басты бағыттардың бірі көпір құрылыстарын цифрландыру және сандық 3D-моделін құру сынды инфрақұрылымдық нысандарды зерттеу үшін жаңа технологияларды енгізу. 2025 жылы біз жолдардың сапасын жақсартып, мамандардың біліктілігін арттыруға күш саламыз. Мақсатымыз - Қазақстанның жол инфрақұрылымының дамуын қамтамасыз ету.
Биыл Қазақстанда
«Суперасфальт» технологиясын енгізу жоспарлануда. Оны жүзеге асырудың жол
картасы әзірленді. Аталған жоба аясында салынатын жолдардың тәжірибелік
учаскілердегі жер бедері мен жергілікті ауа райының ерекшеліктері ескерілген.
Зәуреш Өмірбекова, ҚазЖол ҒЗИ Жаңа технологиялар басқармасының басшысы:
- Аталған технология сыналатын арнайы тәжірибелік учаскелер белгіленді. Бұл «Алматы-Қорғас» пен «Самара-Шымкент» және «Ақтөбе-Ұлғайсын» бағыттары. Осы аталған аумақтарда «Суперасфальт» технологиясының мүмкіндіктері тексеріледі.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов

