Astana Hub-та қазақстандық кәсіпорындарда жасанды интеллектті енгізудің табысты мысалдары таныстырылды. Demo Day-де осы бағытта ұсынылған тың бастамалардың бірі - кез келген құрылғының жұмысындағы ауытқуларды анықтауға бағытталған. Жасанды интеллект қондырғы істен шықпас бұрын, оның бұзылуы мүмкін екенін алдын ала ескертеді. Осылайша, бұл технология өндірістің тұралап қалмауын қамтамасыз етеді. Демек, қаржылық шығындар да қысқарады. Жоба авторлары AI-шешімдер экономиканы әртараптандыруда маңызды рөл атқаратынын алға тартады. Өйткені жаңа жобалардың қайсысы болмасын ел өнеркәсібінің технологиялық дамуын жеделдетуге бағытталған. Қатысушылар ақпаратты жинау және өңдеуді автоматтандыруға мүмкіндік беретін озық тәсілдерді талқылады.
Азамат Панбаев, Өнеркәсіп комитетінің төрағасы:
– Статистика мәліметтеріне жүгінсек, былтыр цифраландыру деңгейі кәсіпорындарда 19% құрады, биылғы негізгі межеміз, соны 23% көтеру. Бұл жерде цифрландыру бағыт-бағытымен дамып жатыр, бірақ барша жерде жасанды интеллект кірді деп айтуға әлі ерте.
Сәкен Шаяхметов, «Қазақмыс» орнықты даму және коммуникациялар жөніндегі басқарушы директоры:
– Біз жасанды интеллектті енгізу үшін дайын инфрақұрылым құрдық. Тау-кен металлургия кешені және кез келген жер қойнауын пайдалану геологиядан басталады. Жезқазған қаласындағы геологиялық кластердің құрылысы аяқталуға жақын. Оның базасында кеніштерге қатысты болжам жасап нақты ақпарат алу үшін ең заманауи құралдар, соның ішінде, кеннің сынама үлгісін жылдам анықтауға мүмкіндік беретін жасанды зейіннің негізіндегі озық технологиялар ендіріледі.

