Қазақстан Жапониямен бірлескен
жобаларды жүзеге асыру үшін қажетті жағдайды жасауға, қолайлы инвестициялық
орта қалыптастыруға дайын. Бұл жөнінде Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия – Жапония» диалогының бірінші
саммитінде атап өтті. Мемлекет басшысы кездесуді
ұйымдастыруға бастамашы болған Премьер-министр Санаэ Такаичиге алғыс айтты.
Оның пікірінше, мұндай саммиттер Орталық Азияның жаһандық үдерістерде маңызды
рөл атқара бастағанын көрсетеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Даму деңгейі
тұрғысынан бірегей мегаполис саналатын Токиода ұйымдастырылған маңызды форумға
қатысу Қазақстан, тіпті тұтас Орталық Азия үшін айтулы уақиға деп ойлаймын.
«Орталық Азия – Жапония» диалогын құру туралы бастаманы жапон тарапы, соның
ішінде бұрынғы Сыртқы істер министрі Ёрико Кавагучи көтерген еді. Мұның
символдық мәні зор. Сыртқы істер министрлері деңгейіндегі алғашқы жиын 2004
жылы Астанада өтті. Бұл Орталық Азия елдері мен өзге де ірі мемлекеттер
арасында осы тектес платформаларды құруға үлгі болды.
Қазақстан Президенті Жапонияның Орталық Азия елдерімен байланысы ежелгі
Ұлы Жібек жолынан бастау алатынын атап өтті. Яғни, қарым-қатынас тарихының тамыры
терең. Бүгінде өзара ықпалдастықтың көкжиегі кеңеейіп келеді. Өңірдің Шығыс пен
Батыс, Солтүстік пен Оңтүстік арасындағы негізгі сауда жолдарын тоғыстыратын
көлік-логистика саласы Жапония үшін тың мүмкіндіктерге жол ашады. Мәселен, Азия
мен Еуропа бағытында құрлық жолымен тасымалданатын жүктің 80% астамы Қазақстан
арқылы өтеді. Қасым-Жомарт Тоқаев Жапония Үкіметінің Ақтау портындағы кедендік
рәсімдерді жетілдіруге атсалысу туралы шешімін құптады. Осы орайда Мемлекет
басшысы Жапония компанияларын алдағы уақытта Орта дәліздің теміржол, порт,
автокөлік және логистика инфрақұрылымын ілгерілету үшін үлес қосуға шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстан Жапонияны сауда, инвестиция, көлік, логистика,
ғылым, технология, білім немесе сапалы адам ресурстары сияқты өзара
ықпалдастықтың барлық салаларында сенімді құзіретті әріптес ретінде
қарастырады. Бұл саммит Қазақстан мен Жапония ынтымақтастығын нақты нәтижелерге
алып келетініне және өз мақсатын ақтайтынына сенімдімін. Құрметті Премьер-Министр
Қазақстан Орталық Азия мен Жапония форматында саммит өткізу эсфтафетасын
қабылдауға дайын.
Қазақстан көмірсутектерді өндіру және өңдеу жобаларына жапон тәжірибесін, инновациясы мен инвестициясын тартуға мүдделі. Сондай-ақ ресурс әлеуетін Күншығыс елінің атом энергетикасы саласындағы үздік технологияларымен ұштастыру тың мүмкіндіктерге жол ашады. Әсіресе, ядролық қалдықтарды басқару, ядролық қауіпсіздік, азаматтық қорғаныс салаларына жоғары санатты маман даярлау бағытындағы жобалар қызығушылық тудырады. Сонымен қатар Мемлекет басшысы орнықты ауыл шаруашылығы саласында бірлескен зерттеу платформасын құруды және су шаруашылығын дамыту жөнінде бірлескен бағдарлама әзірлеуді ұсынды. Саммитінің қорытындысы бойынша Токио декларациясы қабылданды. Бұл форматтағы төрағалық енді Қазақстан тарапына өтті.

