Орталық Азия елдері мен Қытай өңірдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін серіктестікті нығайтуға ниетті. Орталық Азия + Қытай форматындағы бейінді ведомстволардың екінші кездесуіне қатысу үшін Астанаға 5 елдің - Қытай, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстанның ішкі істер және қоғамдық қауіпсіздік министрлері келді. Жиын алдында оларды Мемлекет басшысы қабылдады. Кездесу барысында тараптар трансұлттық қылмыс, киберқауіпсіздік, экстремизммен және басқа да қазіргі сын-қатерлермен күрес мәселелерін талқылады. Қасым-Жомарт Тоқаев аймақ елдері мен Қытайдың құқық қорғау органдары арасындағы ықпалдастықты арттыру аса маңызды екенін атап өтті. Ірі көлік және сауда бағыттары түйісетін Орталық Азия аймағына трансұлттық қылмыстық желінің қызығушылығы жоғары.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Транскаспий халықаралық көлік бағыты еуразиялық логистиканың стратегиялық элементіне айналып келеді. Жаһандық сауда тізбегінің трансформациясына және геосаяси қысымның күшеюіне сәйкес оның маңызы еселеп артты. Сонымен қатар жүк тасымалын ұлғайтудың белгілі бір қауіп-қатерлері бар. Әңгіме трансұлттық қылмыс, соның ішінде контрабанда, есірткі, қару-жарақ тасымалы туралы болып отыр.
Президент өңірлік қауіпсіздіктің тиімді жүйесін құру үшін «Орталық Азия – Қытай» форматының әлеуетін пайдалану қажеттігін жеткізді. Мемлекет басшысының пікірінше, қылмыстық элементтердің ішкі тұрақтылықты бұзуына жол беруге болмайды. Бұл орайда жүйелі әрі батыл әрекеттер қажет. Қасым-Жомарт Тоқаев маңызды міндеттердің бірі – ұйымдасқан трансұлттық қылмыстық топтардың қаржы ағынына тосқауыл қою, сондай-ақ экстремизм идеяларының таралуын, лаңкестік топтардың адамдарды интернет арқылы арбауын белсенді түрде әшкерелеу екенін атап өтті. Кездесуге қатысушылар өзара байланыстарды жолға қоюға, жедел ақпарат алмасуға, кәсіби қарым-қатынастарды дамытуға және құқық қорғау органдарының қызметіне заманауи технологияларды енгізуге ниетті екендерін растады.

