Қазақстан Қытаймен агроөндірістік
кешен бағытында ынтымақтастық аясын кеңейтуге
ниетті. Аспан асты елінің компаниялары біздің ауыл шаруашылығы саласына озық
үлгідегі инновациялық технологияларды енгізуге мүдделі. Екі тарап осының
қамында бірлескен жобаларды қолға алуға әзір. Сондай-ақ, сауда мен логистика,
энергетика мен фармацевтика және туризм сынды экономиканың түрлі салаларындағы
әріптестікті нығайтпақ. Осы және өзге де серіктестік әлеуеті Астанада «Қазақстан-Қытай»
экономикалық форумында жан-жақты талқыланды. Жиында отандық кәсіпкерлер Ханчжоу
қаласының бизнесмендерімен ынтымақтастық туралы бірқатар меморандумға қол
қойды. Іс-шараға жергілікті және қытайдың көне жеті астанасының бірінен ондаған
компания қатысты. Айта кетейік, Ханчжоу аспан асты елінің экономикасын цифрландыру бойынша көш
бастап тұр. Шаһарды қытайлық силикон алқабы деп те атайды.
Мұрат Қарымсақов, Қазақстанның сыртқы
сауда палатасының басқарма төрағасы:
-Бұл даму
қарқыны жағынан ең заманауи провинция. Дәл осы Ханчжоу «Али баба» жаһандық
сауда алаңының негізін қалаушы және оның акционерінің отаны. Бізде де оның
тиісті базасы құрылып, негізі қалыптасты. Біз қытайлық әріптестерімізбен
белсенді түрде жұмыс жасап келеміз. CCPIT бұл аспан асты елінің ірі кәсіпкерлері
қауымдастықтарын біріктіретін сауда палатасы. Бұл жолы да отандық бизнес нәтижелі
келіссөз жүргізіп, бірқатар табысты
келісімге келеді деген үміттенеміз.
Алекс Ян, ҚХР бизнес-деллегацииясының өкілі:
-Біздің компания
жаһандық әзірлеушілерге кез келген AI+IoT қосымшаларын оңай және тиімді
жобалауға және дамытуға мүмкіндік беретін шешімдердің қызметін ұсынады. Біздің
Қазақстанмен қазіргі өзара әріптестігіміз тұрғын үй бизнесіне бағытталған. Яғни,
ақылды үйлер мен ғимараттар. Біз заманауи шешімдерді ауыл шаруашылығы,
коммуналдық қызметтер және энергетика сияқты салаларға ендіруге ниеттіміз.