Орталық Азия мен Қытай сарапшылары әріптестік әлеуетін талқылады

Орталық Азия мен Қытай сарапшылары әріптестік әлеуетін талқылады

Орталық Азия және Қытай арасындағы көпжақты сараптамалық диалогты нығайтуының маңызы зор. Бұл өзара қарым-қатынастың қарқын алуына тың серпін береді. Осы жайында Қазақстанның мемлекеттік хатшысы Ерлан Қарин өңір бестігі мен аспан асты елінің талдау орталықтарының 5-ші форумының  ашылуында айтты. Алқалы жиында бас қосқан сарапшылардың ортақ пікірі де осыған саяды. Мамандар бұндай кездесулер әріптестіктің жаңа көкжиектерін ашып, ортақ бағыт-бағдарларды айқындауға мүмкіндік беретінін алға тартады. Бұл ретте елдерімізді жалғайтын көлік дәліздерін дамыту стратегиялық мәнге ие. Су дипломатиясын қалыптастыру мен цифрлық технологияларды енгізу де аса өзекті. Форум жақын күндері Астанада Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстан және Қытай көшбасшыларының қатысуымен өтетін «Орталық Азия - Қытай» екінші саммиті қарсаңында ұйымдастырылды. 

Әлия Мұсабекова, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Азиялық зерттеулер бөлімінің бас сарапшысы:

- Осыдан екі жыл бұрын «Орталық Азия - Қытай» бірінші саммиті өткен кезде тараптар арасындағы тауар айналымы шамамен 70 млрд долларды құраған болатын. Бүгінгі таңда, яғни араға екі жыл салып бұл көрсеткіш 95 млрд долларға дейін жетті. Оның 40 млрд доллары Қазақстаннның үлесіне тиесілі. Бұл елдеріміздің өзара экономикалық ынтымақтастығының қаншалықты алға жылжығанын көрсетеді. Осы аралықта Транскаспий халықаралық көлік бағытымен тасымалданатын жүк көлемі үш есеге артқаны байқалады.

Сунь Чжуанчжи, Қытайлық қоғамдық ғылымдар академиясының ресей, шығыс еуропа және орталық азия институтының директоры:

- Биылғы форумның маңызы айрықша. Себебі «Қытай-Орталық Азия» саммиті де Астанада өтеді. Қазір біз алқалы жиында қозғалатын мәселелер мен талқыланатын тақырыптарды қарап жатырмыз. Бұндай ірі шараға өңір елдері және Қытай сарапшыларымен қатар халықаралық қоғамдастық та үлкен қызығушылық танытады. Өйткені бұл саммитте жаһандық деңгейегі мәселелердің шешімі ізделеді.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?