Қазақстан мен Кения өзара сауда-экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастық аясын кеңейтеді. Елімізге мемлекеттік сапармен Президент Уильям Руто келді. Бүгін Астанада екі елдің көшбасшылары шағын және кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан үшін Кения – Африкадағы өте маңызды серіктес екенін атап өтті. Аталған ел астанасы – Найробиде біздің республиканың құрлықтағы алтыншы елшілігі ашылды. Бұл сапар ынтымақтастыққа жаңа серпін бермек. Өз кезегінде Кения Президенті Қазақстанды Орталық Азия мен Еуразия өңіріне жол ашатын маңызды логистикалық хаб ретінде қарастыратынын атап өтті. Тауар айналымының көлемін арттыру және нақты жобаларды іске асыруда Іскерлік кеңес септесуі тиіс. Қасым-Жомарт Тоқаев оны құру туралы бастама көтерді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстан Еуразия жүрегінде орын тепкен, ал Кения Шығыс Африканың экономикалық орталығы саналады. Бұл екіжақты серіктестікті кеңейту тұрғысынан айрықша мәнге ие. Біз нарықтарды және көлік бағдарларын байланыстырып, инвестициялар мен тың мүмкіндіктерге жол ашу арқылы Орталық Азия мен Африка арасына дәнекер бола аламыз. Жаңа ғана екіжақты қарым-қатынастың негізгі бағыттарын талқылап, халықаралық күн тәртібі жөнінде пікір алмастық. Елдеріміздің жаһандық мәселелерге қатысты ұстанымдары ұқсас. Біз бейбіт сыртқы саясат жүргізіп, мультилатерализм қағидатына сай әлемдік тәртіпті дәйекті түрде жақтап келеміз.
Қазақстан мен Кения арасында 1993 жылдан бері дипломатиялық қарым-қатынас орнаған. Уильям Руто Қасым-Жомарт Тоқаевпен 2023 жылы Нью-Йоркте өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясы аясында кездескенін атап өтті. Ол Қазақстанға Кенияның Момбаса және Ламу порттарын өңірлік нарыққа шығу үшін негізгі логистикалық хаб ретінде қарастыруды ұсынды. Кения президентінің пікірінше, бұл өзара алыс- беріс әлеуетінің артуына тың серпін береді.
Уильям Руто, Кения Президенті:
– Президент мырза, Найроби қаласында тұрақты елші тағайындау туралы шешіміңіз Сіздің және Үкіметіңіздің Қазақстан мен Кения арасындағы байланыстарды ілгерілетуге маңыз беріп отырғандарыңызды байқатады. Менің сапарым – елдеріміздің ынтымақтастығын нығайтуды көздейтін нақты қадам.
Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерін, ең алдымен, бидайды және өзге де тауарларды Африка нарығына жеткізуге мүдделі. Бұл жөнінде Қасым-Жомарт Тоқаев БАҚ өкілдеріне арналған брифингте айтты. Бұдан басқа, тау-кен өнеркәсібі және жасыл энергетикада елдердің ынтымақтастығы үшін үлкен әлеует бар. Сондай-ақ, Кения біздің электронды үкімет, IT және ғарыш пен ақпараттық технологиялар салаларындағы тәжірибемізге қызығушылық танытып отыр. Тараптар мемлекеттер арасында тікелей әуе қатынасын іске қосу мүмкіндігін де талқылады. Келіссөз қорытындысы бойынша Президенттер Бірлескен мәлімдеме қабылдады. Сондай-ақ, ведомствоаралық 10 келісім мен меморандумға қол қойылды. Ал Қазақстан мен Кения арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін Қасым-Жомарт Тоқаев Уильям Рутоға І дәрежелі «Достық» орденін тапсырды.

