Сауда, инвестициялар, көлік, цифрландыру, энергетика, ауыл шаруашылығы. Осы салалалар бойынша ынтымақтастық әлеуетін арттыру Қырғызстан астанасында Түркі мемлекеттері ұйымы елдері үкіметтерінің басшылары мен вице-президентінің алғашқы отырысында талқыланды. Іс-шараға Қазақстан, Қырғызстан, Әзірбайжан, Өзбекстан премьер-министрлері және Түркияның вице-президенті қатысты. Олжас Бектенов елдер президенттерінің сындарлы саясаты Ұйымның стратегиялық негізін қалауға бағытталған маңызды бастамаларды жүйелі түрде жүзеге асыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Жиында Түркі мемлекеттерінің сауда-өнеркәсіп палаталары одағы, Түркі инвестициялық қоры, «Жасыл» қаржы жөніндегі кеңес қызметінің тетіктері қаралды. Тараптар өзара көлік-логистикалық байланыстарды нығайтуға, Транскаспий халықаралық көлік бағытының инфрақұрылымын жаңғыртуға баса назар аударды. Сондай-ақ, жасанды интеллект, киберқауіпсіздік бойынша бірлескен зерттеу орталықтарын құру жайы сөз болды.

