Ауғанстанда банктер 25 тамыздан бастап қайта ашылады. Бұл туралы «талибан» қозғалысының өкілі Забихулла Муджахид мәлімдеді. Оның айтуынша, елдегі Орталық банк пен өзге де қаржылық ұйымдардың жұмыс істей бастауы үшін алғышарттар жасалған. Осыған орай Тәліптер қаржы институттарының бұрынғы қызметкерлерін жұмыс орындарына оралуға шақырды.
Тәліптер ауған элитасын елді тастап кетпеуге шақырды
Сонымен қатар тәліптер АҚШ билігінен ауған элитасын елден алып кетуді тоқтатуды талап етті. «Талибан» бұрынғы мемлекеттік қызметкерлерге рақымшылық жасалғанын және олардың еш алаңсыз жұмыс істеуіне кепілдік беретіндерін айтады. Сондай-ақ елде қалған тұрғындарға қауіпсіздікті қамтамасыз ететіндерін жеткізді.
Забихулла Муджахид, «Талибан» қозғалысының ресми өкілі:
- Инженер, дәрігер сияқты осы жерде білім алған мамандар елде қалуы тиіс. Бұл азаматтар өзімізге қажет. Оларды өзге елге жіберуге болмайды.
АҚШ Ауғанстаннан эвакуацияны қамтамасыз ететін әскерін шығара бастады
АҚШ Ауғанстаннан адамдарды эвакуациялап жатқан әскерін шығара бастады. Бұл туралы «Fox News» телеарнасы хабарлады. «Талибан» радикалды қозғалысы Кабулды басып алғалы, АҚШ ондағы азаматтары мен тәліптерден қашқан жергілікті тұрғындарды эвакуациялау үшін 6,5 мың сарбазын орналастырған болатын.
Айта кетейік, өткен тәулікте АҚШ әскери-әуе күштері Кабулдан 22 мыңға жуық адамды эвакуациялады. Жалпы Құрама Штаттар ауған жеріндегі әскерін 31 тамызға дейін шығаруды жоспарлаған. Талибан өз кезегінде әскери қызметшілерді елден уақтылы әкетпеген жағдайда жауап беретіндерін жеткізді.