Олжас Бектенов Nur Zhol халықаралық орталығының аумағында болды

Жетiсу облысында автокөлiкпен жүк тасымалдау артты. Жыл басынан бері көрсеткіш 2 есеге өсті. Премьер-Министр өңірге жұмыс сапары барысында көлік-логистика саласының дамуымен танысты. Олжас Бектенов Nur Zhol халықаралық орталығының аумағында болды. Мұнда Үкімет басшысы Cross-Docking технологиясын қолдану арқылы көлік құралдарын есепке алудың автоматтандырылған жүйесімен танысты. Бұл транзитті жеделдетуге мүмкіндік береді. Бүгінде орталықтың өткізу қабілеті тәулігіне 200 автокөлік құралын құрайды, ал жүк айналымы 250 тоннаға тең келеді. Достық ауылындағы көп функционалды ауыстырып тиеу терминалы да транзиттік-көліктік әлеуетті кеңейтуге ықпал етеді. Соңғы бiрнеше жылда мұнда қызмет көрсетiлетiн жүктердiң көлемi үш есе өстi.

Тақан Ғизатов, Dostyk Transterminal басшысы:

– Осының бәрі тікелей инвестициялар арқылы салынды. Бүгінгі таңда жеке инвестициялар 26,2 млрд теңгені құрады. Сондай-ақ, келесі жылы алаңды қосымша құрылысқа дейін ұлғайтып, тағы 3,2 млрд теңгеге екі ричстакерді сатып алу жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда біз күн сайын 8 пойызға артық жүк тиейміз, бұл 440 40-фут контейнерді құрайды. Алаңды ұлғайтқаннан кейін тәулігіне 15 пойызға дейін арттыруды жоспарлап отырмыз.

Премьер-Министр Алакөл кеден бекетіне да ат басын бұрды. Өткізу пунктінде модернизация аясында жеке тұлғаларды, заттар мен тауарлар және көліктерді тексеру үшін бақылау технологиялары енгізілмек. Осылайша, өткізу қабілеті тәулігіне 250 жүк көлігінен 1000-ға дейін ұлғаймақ. Нысан қыркүйек айының соңында пайдалануға беріледі деп күтілуде. Үкімет басшысы облыс үшін аса маңызды нысан – «Талдықорған – Үшарал» магистралды газ құбырына да барды. Бұл жоба мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүзеге асырылуда. Оның жалпы ұзындығы 300 шақырымнан асады. Ал, көгілдір отынды өткізу қабілеті – бір жылда 385 млн текше метр газ. Осы жобаның арқасында өңірдегі 66 елді-мекен табиғи газды пайдалана алады. Премьер-Министр жаңа газ құбыры Жетісу аймағының энергетикалық қауіпсіздігін және тұрақты дамуын қамтамасыз ететінін айтты.

Санжар Жаркешов, «QAZAQGAZ» ҰК басқарма төрағасы:

– Магистралды газ құбырының басты әлеуметтік мақсаты – тұрғындарды газбен қамтамасыз ету. Сонымен қатар, жаңа инвестициялық және индустириалдық жобаларды жүзеге асыру үшін қолдау көрсету. Себебі, жаңадан құрылған облыс қарқынды дамып келеді. Қазіргі уақытта облыстың көгілдір отынмен қамтылу көлемі 47% жетті. «Талдықорған – Үшарал» магистралды газ құбыры іске қосылғаннан кейін, бұл көрсеткіш 90% жетпек. 

Авторы: Жеңіс Ермұқанов