Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ақмола облысына жұмыс сапары Қосшыдағы бір жарым мың орындық мектеп-гимназияны аралап көруден басталды. Оқу орны жаңа ауданда орналасқан, жеке инвестицияларға және «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының стандарттарына сәйкес салынған. Мұнда информатика, химия, физика, биология, технология, роботты техника, мобилография, көлік жүргізуге виртуалды оқыту, шет тілдерін үйрету кабинеттері, акт және спорт залдары бар. Мемлекет басшысы педагогтармен және оқушылармен әңгімелесіп, оларға жаңа оқу жылында табыс тіледі. Сондай-ақ, Президент мектепке өзінің «Әке туралы ой-толғау» кітабын және Қазақстанда шығарылған автобус сыйға тартты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Қазақстанның озық мемлекетке айналғанын қаласақ, осындай роботты техника сияқты бағыттарды үйрену керек. Бұл – өте қажет. Балаларымыз әрқашан білімді болсын.
Мемлекет басшысы Қосшының инфрақұрылымдық даму жоспарымен де танысты. Оған облыстық маңызы бар қала мәртебесі берілгеннен кейін 2021 жылы мұнда халық саны 110 мыңға дейін артты. Бас жоспар аясында бір жарым миллион шаршы метр тұрғын үй және 45 әлеуметтік нысан – мектептер, балабақшалар, ауруханалар салу жоспарланған. Қасым-Жомарт Тоқаев облыс әкіміне қаланың инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымын жаңғырту және газ құбырларын тарту мәселелеріне ерекше назар аударуды міндеттеді. Қосшыда Президент жартылай фабрикаттар өндірісімен танысты. Мемлекеттен қаржылық қолдау алған компания құс етінен өнім шығарады. Шикізат облыстың құс фабрикаларынан жеткізіледі, ал дайын өнім ішкі нарыққа және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерге жеткізіледі.
Бұдан бөлек Президент Родина ауылында да болды. Мемлекет басшысына жергілікті Мәдениет үйі, хореографиялық және спорт залдары, дыбыс жазу студиясы мен үйірмелер таныстырылды.
Айта кетейік, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында «Родина» агрофирмасы ауылды қолдауға және дамытуға шамамен 800 млн теңге бөлген.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Сіздермен кездескеніме қуаныштымын. Ауылға арнайы келдім. Құрметті Иван Адамович Сауэрдің шаруашылығы жайында бұған дейін көп естіген болатынмын. Бірақ мұнда келіп, ауылдың тыныс-тіршілігімен танысудың реті болмай жүр еді. Бұл – өте үлкен әрі барлық көрсеткіш бойынша үздік шаруашылық.
Сонымен қатар, Президент супермаркетті, саябақты, мектепті және «Родина» агрофирмасының өндірістік нысандары – сауын цехі мен сүт зауытын аралап көрді. Бүгінде кәсіпорын алдыңғы қатарлы еуропалық технологиялар бойынша жұмыс істейді және тәулігіне 50 тонна сүт және бірнеше түрлі өнім шығарады.
Айта кетейік, Ақмола облысында сүт өнімдерін шығаратын 15 зауыт бар. Сондай-ақ, өңірде 7 сүт-тауар фермасы салынуда. Жобаларды қаржыландыруға 13 млрд-тан астам теңге бөлінді.