Теңге ілуден Қазақстан құрамасы Азия чемпионатында үздік атанды. Алматы өңірінде ұлттық ат спортының осы түрінен алғашқы құрлықтық жарыс өтті. Дүбірлі додада Азия елдерімен қатар, Ресей және Венгрияның спортшылары бақ пен бап таластырды. Бас-аяғы 10 мемлекеттің ат құлағында ойнайтын епті жігіттері дала ойынының үш әдісі бойынша шеберлік байқасты. Жалпы командалық есепте топ жарған отандық құраманың мүшесі Рахат Қамбаров та жекелей сында үздік теңге ілуші атағын қанжығасына басты. Айта кетерлік жайт, аталмыш чемпионат қарсаңында теңге ілу халықаралық федерациясы құрылды. Оған әзірге Қазақстан, Қытай, Монғолия және Венгрия елдерінің ұлттық қауымдастықтары мүшелік етеді.
Ром Әуесхан, Монғолия Ат спорты федерациясының төрағасы:
-Корея да бұған қызығушылық білдіріп жатыр. Жаңа Зеландия да Бангладеш пен Болгария сынды жалпы ат спортымен шұғылданатын мемлекеттердің көбі қызығушылық білдіруде. Бұны әрі қарай дамыту - негізі қазақ мемлекетіне жүктеліп отыр. Өйткені, бұл елде әр аудандары мен облыстарында ұлттық спорт мектептері бар. Жыл сайын жасөспірім, жастар және ересектер арасында ұлттық спорттан түрлі жарыстар өтіп тұрады.
Амангелді Әбдіқадыров,
Теңге ілу халықаралық федерациясының президенті:
–Мемлекеттер арасында халықтар татулықты, ынтымақтастықты күшейтеді деген
сенімдеміз. Екіншіден, мына теңге ілу спортының тек қана Қазақстан мемлекетінде
емес, басқа да елдерде кең тарауына, дамуына септігі тиеді деген сенімдеміз.