Қасым-Жомарт Тоқаев Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында Қызылжар ауданын, Петропавл қаласының маңын және Сергеев су қоймасын тікұшақпен аралап өтті. Облыс әкімі Мемлекет басшысына су тасқыны жағдайын баяндады. Алты ауданда төтенше жағдай жарияланып, 10 мыңнан аса адам қауіпсіз жерге көшірілді. Қасым-Жомарт Тоқаев тұрғындармен кездесуде мемлекет барлық қажетті қолдау шараларын қабылдап, жан-жақты көмек көрсететінін жеткізді. Оған сәйкес су тасқынынан зардап шеккен барлық тұрғынға бір реттік төлемнен басқа, оның мүлік шығындарына өтемақы төленеді. Тұрғын үйі жарамсыз азаматтарға жаңа баспана салынады және барлық қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі.
Қасым-жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті
- Қазір бәріміз өте күрделі кезеңді бастан кешіп жатырмыз. Бұл – жалпыұлттық апат. Дегенмен, бір жағынан алып қарасақ, оң өзгерістер де анық байқалады. Судың беті қайтып келеді. Жақын арадағы 10 күнде өте қауіпті болады деп ойлаймын. Бірақ біз еліміз бойынша апат салдарын жою шараларын қабылдап жатырмыз. Бұған дейін айтқанымдай, Үкімет зардап шеккен азаматтардың барлығына қолдау көрсетеді. Біз су тасқыны салдарынан болған барлық шығынды өтейміз. Қазір 100 АЕК көлеміндегі біржолғы жәрдемақылар төлене бастады.
Президент апаттан зардап шеккен әрбір қазақстандықты қолдау басты міндет екенін атап өтті. Сондықтан су тасқынына байланысты қалыптасқан күрделі жағдай ескеріле отырып, бюджет қаржысын үнемдеу мақсатында Үкіметке, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға имидждік және басқа да ірі іс-шараларды өткізбеу жөнінде тапсырма берілді. Президент Петропавл су торабының жұмысымен танысты. Нысан Сергеев және Петропавл су қоймаларының белгіленген режимде толтырылып, іске қосылуын қамтамасыз ету арқылы Есіл өзенінің ағысын реттейді. Өңір әкімі хабарлағандай, облыстағы су тасқынына Есіл өзені мұзының еруі және Ақмола облысынан ағын судың келуі себеп болған. Сондай-ақ мұздардың кептелісі де жағдайды ушықтырды.
Шұғайып Ибатуллин «Қазсушар» РМК СҚО филиалының директоры:
- Бұл екі су қоймасы 2022 жылы көпфакторлы тексерістен өтті. Техникалық жағдайы қанағаттанарлық. Ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Қазір екі су қоймасы да штаттық кестеге сай жұмыс істеп тұр.
Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға көмектесіп жатқан құтқарушылармен, еріктілермен және кәсіпкерлермен кездесуде қазақстандықтардың төтенше жағдай кезіндегі жоғары деңгейде ұйымшылдық танытқанын атап өтіп, алғыс айтты.